Сырдария ауданында Наурыз мерекесі тойлануда

358

0

Фото: Сырдария ауданы әкімдігі

Бүгін аудан орталығында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі кең көлемде тойлануда. Жаңа жыл мейрамына орай ұйымдастырылған іс-шараға аудан тұрғындары мен қонақтары қатысып, театрландырылған қойылымды тамашалады.

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев жиналғандарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек» деген болатын. Бұл көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің, халқымыздың салт-дәстүрлерін дәріптеу мерекесі болып саналады. Осы күні біз өткен жылы жасаған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрып, жаңа бастамалардың іргетасын қалаймыз. «Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінде соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, аймағымыз қарқынды дамуда. Оның ішінде, облыста аймақ басшысы Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 10 мектеп ел игілігіне табысталып, тағы 11 жайлы мектептің құрылысы басталуда. Оның бірі – Тереңөзек кентінде салынатын болады. Өткен жылы өңірде Отбасы, Анаға тағзым және 1000 орындық Өнер орталықтары өз қызметін бастады. Биылғы жыл облыста «Руханият жылы» деп жарияланды. Осыған орай, неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтары, 650 орындық заманауи үлгідегі жаңа музыкалық колледж құрылысы басталса, жаңа өлкетану музейі мен «Шығармашылық академиясы» бой көтереді.

Осы ретте, ауданда да ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы Қалжан ахун ауылы табиғи газға қосылса, биыл С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов елді мекендеріне газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін ауылдар табиғи газдың игілігін көреді. Сонымен бірге, биыл Шаған ауылын газдандыру жұмыстары басталады. Ауданда Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл, Қоғалыкөл ауылдарында электрмен жабдықтау жұмыстары аяқталса, бұл жұмыстар биыл Шаған, Қалжан ахун елді мекендерінде басталады. Жол-көлік саласын дамытуда ауданда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Биыл ауданда 1,7 млрд. теңгеге жолдар жөнделуде және жаңа шағын аудандардың инфрақұрылымдық жұмыстары жүргізілуде.

Биылғы Наурыз мерекесі күллі мұсылман үшін қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келуде. Ұлыстың Ұлы күні – Сырдария ауданына толайым жаңалықтармен келсін, – деді аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік іс-шара барысында қазақы үлгіде әспеттелген киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы көрмелер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылып, атадан-балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлер дәріптелді. Ат қою, бесіксалар, тұсаукесер, айдар кесу, қыз ұзату, беташар секілді көптеген рәсімдер ұйымдастырылды.

Наурыз мейрамына жиналғандар мерекенің басты тағамы наурыз көжеден ауыз тиіп, бір-біріне ақ тілектерін арнауда. Әсем әндерді әуелете шырқаған көркемөнерпаздар аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Сондай-ақ, аудан тұрғындары қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалауда.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<