Сырлы әлем суреткері

1393

0

         Бала жасынан табиғат тылсымына терең бойлап, қылқаламының сырлы ізін өзек еткен кейіпкеріміз – Рақым Шегебаев. Ол  небір таланттарды тудырған Сыр елінің оның ішінде қасиетті Қармақшы топырағында дүниеге келген.

Бейнелеу өнеріне деген құштарлығы мен асқақ арманы оны Алматыдағы көркемсурет училищесіне алып келді. Кейін  ол өз білімін одан әрі шыңдай түсу үшін, Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының көркемсурет факультетінде жалғастырды.  Оқуды бітірісімен туған жердің ыстық лебі, балаң жігітті Алматыдай әсем қаладан  өз еліне қайтарды.

Ол еңбек жолын  Қызылордада алғашқы ашылған көркемсурет галереясының меңгерушісі болудан бастады. Сонымен қатар, «Өнер мектебінде», М. Мәметова атындағы педагогикалық колледжінде, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дизайн және көркемсурет факультетінде дәріс берді. Осы жылдары қылқалам шеберін – өнер құдіреті оны өзіне баурай түсті. Оның шығармашылық туындылары ТМД қалаларының көркемсурет галереялары мен музейлерінде, Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясында, АҚШ, Канада, Израиль, Португалия, Германия, Норвегия, Венгрия, Ресей, Өзбекістан, Украина елдерінің жеке коллекцияларында тұр.

Тақырыптары алуан түрлі Рақымның Шегебаев еңбектері өткен күн мен қазіргі заманның, табиғат пен адамның арасындағы өзара үндестік, үйлесімділік берілген. Суреттің өзі өмір деп тегін айтылмаса керек. Өйткені дарынды адамның көңіліне ой салған әрбір сәті кеудеде сурет болып қалып қоятын көрінеді. Суретші ғана сол сәтті қалт жібермей, қылқаламының ұшымен бейнелей алады екен. Сонымен қатар сурет өнері белгілі бір салт-дәстүрді насихаттаушы, тарихын дәріптеуші ғана емес, сол елдің өз тарихын құрметтеу, ұрпағын тәрбиелеу құралы қызметін де атқарады. Жалпы, Рақым Қарташұлының қылқаламынан туған туындыларында ұлттық бояумен негізделген Сыр елінің табиғаты, қазақи ұлттық болмысы, әдет-ғұрпы, ел тұрмысы және халқымыздың тарихы кеңінен қамтылған. Мысалы, оның «Ғасырлар», «Жастық шақ», «Аңға жорық», «Наурыз», «Тіршілік» деп аталған полотноларында халқымыздың бойындағы ізгі қасиеттерді нағыз суретшіге тән сол қалпында шеберлікпен бейнелей алған. Рақымның табиғат көрінісін бейнелеген көркем суреттері де сиқырлы сырға толы. Туған елінің табиғатын, жасыл шөбін, самал лебін, байтақ жазық даласын ерекше нәзік сезіммен, өткір көзбен көре біліп,  оны халқына жеткізе білген.«Түлкібас», «Арал кеші», «Бөген», «Мерке таулары» атты полотноларында ұлттық нақыштағы сан бояудың айтқан жыры соның дәлелі. Соңғы жылдары Ұлы дала абызы Қорқыт ата бейнесі шығармашылығын ширатып, «Қорқыт-Қобыз» атты композициялар топтамасына арқау болды. Қазақ философиясы тарихында Қорқыт Ата – ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философгуманист. Қазақ халқы үшін Қорқыт ата Сыр елімен оның ішінде киелі Қармақшы топырағымен тығыз байланысты.

 Шегебаев Рақымның Қорқыт атаға байланысты салған туындыларында «Ғасыр әуені», «Ажалмен арпалыс», «Ой толғауы», «Қорқыт толғаулары» – ажалмен айқасып, өлімді өнердің құдіреті арқылы жеңуге болады деп өнеге қалыптастырып, киелі күй мен қастерлі жырдың теңдессіз құндылық екенін жария еткен Қорқытты көреміз. «Қорқыт елінде», «Жаңа қала» полотнолары  Қорқыт Ата жырларындағы адамзат үшін әрбір тіршілік сәтінің құнды екенін ескерту, қайталанбас уақытты қадірлеуге шақыру, сол арқылы өмірді мәңгілік ету идеясына арналған. «Сыр бойында», «Қорқыт елес» шығармаларын көрген көрермен, Қорқыт философиясын ішкі жан дүниесімен терең түсіну арқылы, онымен үнемі үзілмейтін жанды байланыс орнатқанын аңғарады.  Өзіндік шығармашылық бағыты айқын суретшінің өнерге арнаған 45 жылдық еңбегі көптеген Халықаралық және Республикалық деңгейде марапаттармен бағаланған. Шебер өнер саласындағы шығармашылық өмірін, өнерді насихаттаумен үнемі ұштастырып келеді. Ол «Сырдың сырлы бояулары», «Қорқыт менің жүрегімде» атты кітаптардың авторы.  Рақым Қарташұлы өнегелі отбасының отағасысы. Өмірлік сенімді серігі Күлшара екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бақытты ғұмыр кешуде. Үшеуіде білімді ғалым, білікті маман. «Әке көрген оқ жонар..» демекші немерелері де атасының өнер жолын таңдаған. Жетпіс беске келседе жігері жас ағамызға, өнер көгінде қанатыңыз талмасын дегіміз келеді.

Кенже АХМЕТОВА,

С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының  меңгерушісі