ТАЛДЫСУДАҒЫ ТАМАША

1386

0

ТАЛДЫСУДАҒЫ  ТАМАШАТау бөктеріндегі «Талдысу» лагері төртінші ауысым тынығушыларын қабылдады. Тұмса табиғат аясында орналасқан олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына бұл жолы Шиелі ауданынан екі жүзден астам бала келді. Ашылу шарасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығына орайластырылды. «Туған жер» жобасы бойынша көрме ұйымдастырылып, сахналанған қойылым көрсетілді. Салтанатты шараға облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова қатысып, балаларға жылы лебізін білдірді.

– Бесарық ауылындағы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының жеткіншектерге берері көп. Орталықтың білім беру сапасы, тынығу мен санаға және рухани әлеміне тың күш сыйлар тамаша жетістіктері көптің көңілінен шығып келеді, – деді басқарма басшысы.

«Талдысу» лагері биылғы жазғы сауықтыру маусымына үлкен дайын­дықпен келген. Материалдық базасы жаңарып, техникалық қауіпсіздігі, сани­тарлық тазалығы ескерілген. Бүгінде лагерь аумағында балалар үшін 12 түрлі бағытта үйірме жұмыс жасайды. Алдағы уақытта  робототехника, IT жобалар және шет тілдерін меңгеруге қызығушылық танытқан балаларға арналып қосымша үйір­мелер ашу көзделуде. Сондай-ақ, лагерьдің басты ерекшелігі – бала­лардың табиғи қорықтарға саяхаттап, экскурсия жасауына мүмкіндік береді.

– Оқушыларды Сауран, Қостөбе қалашықтарына саяхаттауға жағдай жасайтын боламыз. Ежелгі шаһарлар балалардың таным түйсігін арттыруына, тарихын тануына мол септігін тигізеді, – дейді облыстық олимпиа­далар және қосымша  білім беру орта­лығының директоры Үмбетәлі Әбибуллаев.

Орталықта баланың еркін тыны­ғуына барлық жағдай жасалған. Жайлы жатын орыннан бастап, тамақта­нуы, демалысы, үйір­мелер, мол қоры бар кітапхана, түрлі саяхаттық сапары, ауладағы аспан асты көрмелері әрбір оқушының та­нымдық көзін ашады, ерекше әсер сыйлайды. Бұл орайда, орталық ди­ректорының ұйым­дастырушылық қа­сиеті, жақсы істерге баулу мақса­тындағы ізденістері, оның суретшілік шеберлігі өз нәтижесін берді.

Жалпы өңірде балаларға арналған 9 лагерь болса, оның 7-еуі жыл бойы жұмыс жасайды. Биыл облыс бойынша 140 мың баланы жазғы тынығу орындарымен қамту жоспарланған. Бұл – аймақтағы мектеп оқушыларының 97%-і. Алдағы уақыт­та «Талдысу» ла­геріне көрші аймақ­тардан да бала­лардың келіп демалуына жағдай жасалмақ.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<