Тарбағатайдан тағы да \»Алтын адам\» табылды

312

0

Тарбағатайдан тағы да \"Алтын адам\" табылды ШҚО, Тарбағатай тауларындағы Елеке сазында археологиялық жұмыстар нәтижесінде  2 нысаннан алтын заттар табылды, – деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде Елеке сазы аумағындағы 3 нысанда бір ай бойы қазба жұмыстары жүріп жатыр. Айта кету керек, атқарылып жатқан істің айтулы нәтижесі де бар. Тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашевтің мәлімдеуінше, Тарбағатай тауларындағы Елеке сазындағы 2 нысаннан алтын заттар табылған.

“Бұл – «Алтын адам»  деген ұғымға сәйкес келетін ескерткіштердің бірі деп айтуға болады”,- дейді ғалым.

Қазіргі уақытта 3000-ға жуық алтын бұйым табылған. Болжам бойынша Сақ дәуіріндегі, яғни, б.з.д 8-7 ғасырға жататын бекзадалар мен ханшайымдарға тиесілі заттар болуы мүмкін. Әсіресе, әйел азаматтарының алтын әшекейлері, әр формадағы моншақтар және киімдеріне арналған жапсырмалар мен қапсырмалар өте көп. Сонымен қатар алтыннан соғылған ат әбзелдері де бар.

“Сол дәуірдегі шеберлердің алтын бұйымдарды жасау технологиясы таң қалдырады. Зергерлер диагоналы 1 мм болатын алтын моншақтарды тесіп, киімдерді көмкерген. Бұл дегенің сол замандағы жоғары мәдениет пен озық технологияның қолданыста болғандығын, яғни олардың ғажайып дала өркениетінің иесі екендігін  айғақтайды”,-дейді археологтар.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен өңірде 2016 жылдан бері табысты түрде археологиялық қазбалар мен ғылыми зерттеу жұмыстары басталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қабылданған «Көне қазыналар» жобасы шеңберінде алғашқы жылы Катонқарағай ауданындағы Берел, Зайсан ауданындағы Шілікті қорғандары, Ұлан ауданындағы Аблайкит қорған-монастырі, Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы мен Абай ауданындағы Қырықүңгір ескерткіші зерттелінді. Қазба жұмыстары еліміздің жетекші археологтары Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев және Карл Байпақов жетекшілігімен жүргізіліп келеді.

Биыл осы бағдарлама аясында Катон-Қарағай ауданындағы Берел қорымы мен Тарбағатай ауданындағы Елеке сазында жұмыстар жалғасын тапты.

Abai.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<