Құрылтай

Татамидегі табандылық

3

0

Үлкен спортта табысқа тек талант емес, төзім, тәртіп пен тынымсыз еңбек жеткізеді. Қызылордалық самбошы Шынар Абатованың спорттағы жолы да осындай табандылық пен үздіксіз ізденістен өрілген. Оның әрбір жүлдесінің артында ұзақ дайындық, үлкен мақсат және спортқа деген адалдық жатыр.

Шынар – ересектер арасын­дағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, жастар арасындағы Азия чемпионы. Ол самбомен қатар дзюдо және қазақ кү­ре­сімен де айналысып, бірнеше ба­ғытта шеберлігін шыңдап жүр. Алайда спортшы үшін медаль мен атақтан бұрын мінез бен тәртіп маңызды.

Оның спорттағы алғашқы ұстазы – Жанар Дүйсекенова. Бапкер шәкіртіне күрестің әдіс-тәсілдерін ғана емес, адамдық қасиетті де үйреткен.

– Жанар апайым мені спорт әлеміне баулыды. «Сенің алды­мен адам болғаның керек» деген сөзі санамда мәңгі қалды. Үл­кенді сыйлауды, тәртіпті, өзіңді ұстай білуді сол кісіден үйрен­дім. Спорттағы маңызды жетістік­терімнің бірі – 2024 жылы Астанада өткен ере­сектер арасындағы Әлем чем­пионатындағы қола ме­даль, – дейді Шынар. ‒ Ал 2022 жылы Ливанда өткен жастар арасын­дағы Азия чемпио­на­тында жеңімпаз атандым. Бұл жетіс­тіктердің әрқайсысының орны бөлек. Әсіресе Әлем чем­пио­натының жүлдесі мен үшін ерекше. Оның артында көпжыл­дық еңбек, күнделікті ауыр жат­тығу, жарақаттар мен қиындық­тарды еңсеру жолы жатыр. Сыр өңірінің және Қазақстанның көк Туын халықаралық аренада та­ныту – мен үшін үлкен мақтаныш.

Спортшының сөзінше, мұн­дай нәтижеге жетудің артында қатаң күн тәртібі бар. Шынардың жұмыс күні таңғы 7:00-де бас­талады. Жүгіру мен дене қыз­ды­рудан кейін сағат 10:00-де негізгі жаттығуға кіріседі. Физи­калық дайындық, кроссфит, ауыр­лық­пен жұмыс, техника мен такти­каны жетілдіруге бір­не­ше сағат бөлінеді. Түстен ке­йін аз уақыт тынығып, кешкі жаттығуда та­тамидегі спарринг­ке, қателік­терді түзетуге және тө­зімділікті арттыруға көңіл бөледі. Деген­мен үлкен спорттың жолы тек жеңістерден тұрмайды. Шынар­дың да ауыр жарақат алып, қа­тарынан сәтсіздікке ұшы­раған кездері болған.

– Бәрін тастап кеткім келген сәттер болды. Әсіресе жарақат алған кезде адам физикалық тұр­ғыдан ғана емес, эмоционалдық жағынан да қатты қиналады. Ұзақ уақыт жаттығудан шет қа­лу, бұрынғы қалпыңа қашан ора­ла­ты­ныңды білмеу, қайта тата­ми­ге шыққанда жарақат қай­та­­ла­­нып кете ме деген қорқы­ныш та болады. Кейде өзіңе де­ген сенім азайып, көп ойға бері­летін кездер кездеседі. Осындай кез­дерде ата-анам, отбасым мен бапкерлерім үнемі жанымнан табылып, қолдау көрсетті. Олар­дың сенімі маған күш беріп, спортқа қайта оралуыма себеп болды. Біртіндеп жаттығуды бас­тап, бұрынғы қалпыма келіп, татамиге қайта шыққан сәтте ерекше сезім болды. Қиын­дық­тың бәрін еңсеруге болатынын тағы бір рет түсіндім, – дейді ол.

Шынар ұлттық құрамамен бірге жаттығуын жалғастырып, алдағы жарыстарға дайындалуда. Негізгі мақсаттарының бірі – ел чемпионатында топ жару. Жас спортшыларға айтар кеңесі де қарапайым: дарыннан бұрын ең­бек пен тәртіпке сену.

Оның спорттағы жолы әлі талай белеске ұласары анық. Әлем чемпионатының қоласы мен Азия чемпионатының алты­ны – жылдар бойғы еңбектің нә­тижесі ғана емес, алдағы үлкен мақсаттарға бастайтын баспал­дақ. Өйткені спортта әр жеңіс жаңа жауапкершілік жүктесе, әр жеңіліс адамды шыңдап, өз мүм­кіндігін қайта бағалауға үйрете­ді.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»