ТҮЛЕКТЕР ТАРТУЫ

517

0

 Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы өңірдің өркендеуіне үлес қосатын шаралардың өтуіне мұрындық болуда. Жуырда орталық «Мектебіме тағзым» акциясын қолға алды. Баянды бастаманың жүзеге асырылуымен танысу мақсатында аудандарға жол тартқан едік. Бірінші бағытымыз – Жалағаш өңірі болды. Сапар барысында ауданға қарасты Мәдениет, Шәменов ауылдарындағы мектептердің тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алдық. 

№32 мектеп-лицейге кірген бойда алдымыздан ұлт мақтанышы І.Қабыловтың суреті жарқырады. Сол қапталда қазақ әдебиеті мен руханиятын көтеруге атсалысқан асылдың өмірдеректері мен атқарған қызметі жайлы жазылған тақта орналасыпты. Сәл кейінге шегініс жасасақ, 1998 жылы бұл мектепке Сырға сапары кезінде Елбасы Н.Назарбаев келген. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытжан Жүнісовтің айтуынша, арада қаншама жыл өтсе де, осы сәт ұстаздар қауымын ерекше сезімге бөлейді. Сондай-ақ, бұл білім ордасынан халқына қалаулы азаматтар түлеп ұшқан. Қазір олар алтын ұя мектебін тебіреніспен еске алып ғана қоймай, оның гүлденуіне үлес қосуды парыз санайды. Мәселен, жақында осы мектептің түлегі Олжас Шағатаев өз қаржысы есебінен мектепке музыкалық аппаратура сыйға тартып, 70 орындық акт залын жөндеуден өткізіп берген. Кәсіпкер қазір Ақтау қаласындағы «Элит құрылыс» компаниясын басқарады, алдағы уақытта да білім нәрімен сусындатқан мектебінің мәртебесін көтеріп, мерейін арттыруды ойлайтынын айтады.

Осындай игі іс Шәменов ауылы, Ә.Бердәулетов атындағы №34 мектепте де жалғасын тапқан. 1955-1995 жылдары мектеппен қоштасқан түлектер кездесуде бірқатар шараларға демеушілік ететінін жеткізіпті. Айтылған сөз жерде қалмаса керек. Көп ұзамай мектепте демеушілер көмегімен домбыра үйірмесі ашылып, өнерлі өрендердің қуанышы еселенді. Қасиетті аспаптың үні естілгенде елеңдемейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Біз де асқақтата ән салып, күмбірлете күй төккен оқушыларды көргенде, іштей риза болдық.

– Үйірме қатарластарымның дарынын дамытуға көмектесуде. Мұнда біз домбырада ойнаудың жолдарын, нота сауаттылығын үйреніп, біраз машықтанып қалдық. Кішкентайымнан музыкаға деген, домбыраның қоңыр үніне деген ынтызарлығым бар. Болашақта өнердің биік шыңын бағындыруды армандаймын. Арманыма қанат бітірген аға-әпкелеріме алғыс білдіремін, осы кісілердің үлгілі ісін бізге жалғастыруды жазсын, – деді мектеп оқушысы Рамазан Қалман.

Сапарымыз аудандағы №201 мектеп-лицей базасында қорытындыланды. Өнегелі шараға аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов қатысып, аталған акцияның аудан мектептерінде кең көлемде өткізіліп келе жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар туған жеріне, білім алған мектебіне қол ұшын созып жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Байқағанымыздай, қасиетті өңірде түлектер ауылға тарту жасауды дәстүрге айналдырған. Әсіресе, абаттандыру, түрлі салалардың дамуын қарқындату бойынша ілкімді іс көп. Атымтай жомарт азаматтардың жәрдемімен аудан келбетіне көрік қосатын нысандардың артуы да ауыз толтырып айтарлықтай, өзгелер үлгі аларлықтай дүние.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<