Биылғы 6 айда облыста 223 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 4 адам жарақат алып, тағы 4 тұрғын қаза тапқан. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Руслан Қайрақбаев мәлімдеді. Жиынға қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Әлішеров және «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ басшысы Нұрсұлтан Ибрагимов қатысты.
Өткен жылы 269 өрт оқиғасы орын алса, биыл бұл көрсеткіш 17 процентке төмендеген. Деректер жыл басынан бері 154 жеке тұрғын жай мен 53 автокөлікті өрт шалғанын көрсетеді. «Тілсіз жаудан» 22 млн теңге материалдық шығын келген. Өрт оқиғалары бойынша 63 адамға әкімшілік шара қолданылған. Осы ретте сала мамандары тұрғын үйді қараусыз қалдырмауды, маусымдық мезгілге байланысты өрт-қауіпсіздік шараларына селсоқ қарамауға шақырып, көліктерді уақытылы техникалық тексерістен өткізіп тұру керектігін айтты. Сонымен қатар, тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау үшін түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы мақсатта биыл облыс көлеміндегі мектептер арасында өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында интерактивтік сабақтар өтіп, оған 8000-нан астам оқушы қамтылған.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<