Түркістанда жаңадан салынатын үйлер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен биік болмайды

351

0

Түркістанда жаңадан салынатын үйлер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен биік болмайды Түркістан облысында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 73 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Бюджет есебінен бой көтеріп жатқан үйлерде барлығы 2449 пәтер болады. Биыл оның 500-і, яғни 35 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұдан өзге, тұрғын үйлер салынып жатқан аудандарда мемлекет қаражаты есебінен 9 нысанның құрылысы жүргізілуде. 

Еске салсақ, Түркістан қаласының бас жоспарын қайта әзірлеу бойынша ағымдағы жылдың 12 шілдесінде халықаралық конкурс жарияланған болатын.
«Қайта әзірленген бас жоспарға сәйкес, «Тұрғын үй құрылысын дамыту» тұжырымдамасы бекітілетін болады. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың идеясы бойынша Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту мақсатында жаңадан салынатын көпқабатты үйлер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен биік болмайды. Өйткені – мавзолей мүмкіндігінше қаланың барлық жағынан көрінуі қажет. Салынатын баспаналар Орта Азиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынады», – деді Құттыбек Рахматтуллаұлы.
ҚР Үкіметінің 22.06.2018 жылғы № 372 қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында ағымдағы жылы Түркістан облысы үшін тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 344,7 мың шаршы метр болып белгіленген. 2018 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша, 202,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 30 пайызға артқан.
Облыста 2018 жылы қаржыландырудың барлық көздері арқылы 79 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 35 үй пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі бойынша 2018 жылдың жоспары – 140,8 млрд теңге. Бұл меже алты айдың қорытындысы бойынша 117,8 пайызға орындалды.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<