Тұрсынбай датқа ауылындағы кездесу

441

0

«…Мен еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» дейді, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында.

«Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары  кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкерлеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» дей келе «100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыруды ұсынады.

         «100 жаңа есім» халықтың қамы үшін еңбек етіп жүрген қарапайым тұлғалардың танылуына, олардың атқарған істерінің еленуіне үлкен мүмкіндік берген жоба. Осы мүмкіндікті иеленгендердің бірі – Сымбат Абдрахманова парсы тілінің аудармашысы, педагог-психолог, балалардың дамуына арналған түрлі мультфильмдер авторы. Ол қомақты қаржы құймай-ақ мультфильмдер шығарумен айналысады. Әсіресе, есту қабілеті нашар балаларға арнаған туындыларға көбірек көңіл бөледі және оны таныстыру мақсатында жеткіншектерге арналған дамыту семинарларын жүргізеді. Сонымен қатар, Сымбаттың қатысуымен қала, аудан мен ауылдарда бірнеше рет кездесу өтті.

«100 жаңа есім» жобасының кезекті кездесуі ауылдық мекенде ұйымдастырылуы да тегін емес. Себебі Елбасы: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі» дейді.

Шиелі ауданы, Тұрсынбай Датқа ауылында психолог маманмен жүздесу өтеді дегенді естіген жастар Сымбаттан кәсіби биікке көтерілу, мультфильм шығару жұмыстары, түрлі идеяларды жүзеге асыру барысында қандай ережерге бағыну керек, кәсіби шеберлікті шыңдауға қажетті қағидаттар және тағы да басқа мәселелер жөнінде сұрақтар қойса, мектеп мұғалімдері бала тәрбиесінде психологтардың қолданатын әдіс-тәсілдері жайлы, үй мен жұмысты қалай қатар алып жүруге болатындығына қызығушылық танытты. Аталмыш кездесуге облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының өкілі ретінде қатысқан «Алтын домбыра» байқауының екі дүркін жеңімпазы, айтыстың шын жүйрігі Мұхтар Ниязов ауыл тұрғындарымен тілдесіп, кездесуді жандандыра түсті. Күйбең тірлік, қарбалас жұмыс ортасында шалғайда жатқан елді-мекенге ат басын бұрған балаларына ақ жаулықты аналар мен әкелер ақ тілектерін білдірді.

Бұл жолғы «100 жаңа есімнің» кездесуі ерекше екі кезеңнен тұрды. Екінші кезеңде ауылдың ақжаулықты аналары және Сымбаттың қазылық етуімен «Жанұя жарасымы – үлгілі келін» тақырыбында келіндер сайысы өтті.

Келіні жақсы үйдің керегесін алтынға балайтын халықпыз. Өйткені, біздің түсінігімізде келіннің аяғымен үйге құт-береке кіреді. Әр үйдің құтын кіргізіп отырған Тұрсынбай датқа ауылының келіндері күбі пісіп, май алу, иінін қандыра қамыр илеп, оны жаю, отқа нан пісіру сияқты бірнеше турлар бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Қатықты мұздай қалпын сақтай отыра пісу, одан қолдың майын алып, дәмі тіл үйіретіндей етіп тұздау бәрінің қолынан келмейтіні сөзсіз. Май алынған соң, шоқ үстінде темір табада нан пісірілді. Қай кезде де қонақжайлығымен ерекшеленген қазақ, бұл жолы да жолынан жаңылмады. Аналар ыстық нан мен майды араластырып, жанкүйерлерді майсалмаға қарық қылды. Ыстық нан мен күбіден түскен мұздай айран ішілді. Балабақша бүлдіршіндері би билеп, оқушылар домбырамен ән салды. Мұхтар Ниязов та қатысушы келіндер мен жанкүйерлерге арнау айтып, жақсы көңіл күй орнатты. Ауылдағы таза ауа аясында өткен тағылымды шараның нәтижесінде, бас жүлдені А.Маханова,  – орынды Ж.Мырзахметова келіндер иеленсе, Ж.Жазықбаева және Ә.Смайловалар 2 және 3 орынды бөлісті. Айта кету керек, Тұрсынбай датқа ауылына барар жол жеңіл болмағанымен, онда өткен кездесу мен сайыстың мән-маңызы, берер тағылымы мол болды.

Ж.Ергенбайқызы

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы, 

«Ақпарат толқыны» маманы 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<