Түркиядағы жер сілкінісі: бүкіл бір отбасы құшақтасқан күйі үйінді астында жан тапсырған

291

0

Фото: ашық дереккөз

Мыңдаған адамның өмірін жалмаған жойқын апат кезінде жақындарынан айырылған жандар жайлы inbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі хабарлады.

Америкада тұратын 35 жастағы программист Бурак Фикир жүрегіне ота жасалған әкесінің хал-жағдайын білу үшін Кахраманмараш қаласына келеді. Алайда зілзала кезінде осында болған ол отбасымен бірге үйінді астында қалады. Балаларын барынша қорғап қалуға тырысқан Бурак пен әйелі Кимберли оларды құшақтаған күйі қаза тапқан. Тек қарт әкелері ғана аман. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.

Туыстары аман-есен табылар деп 12 сағат бойы үміт үзбеген. Алайда қаралы хабар бұл отбасын да айналып өтпеді. Өмірге енді қанат қаққан 2 жастағы Хамза мен 1 жастағы Біләл ата-анасының құшағында өмірмен қоштасты. Колумбия университетінің магистратурасын бітірген Бурак Фикир күні бүгінге дейін IMB және Amazon компанияларында программист болып жұмыс істеген.

Ал полиция қызметкері Ибрахим Акчаның қайғысы да барша халықтың қабырғасын қайыстырды. Зілзала кезінде Анкарада оқуда болған ол Аданада болған әйелі мен екі ұлынан айырылды. Іздестіру-құтқару нәтижесінде 6 жасар Мехмет пен 3 жасар Метехан және аналары Емине Акчаның өлі денелері табылды. Бір күнде отбасынан айырылған әкені ешкім жұбата алмады. Адана полиция бөлімшесінде жұмыс істейтін Ибрахим Акча соңғы екі айда Анкара қаласында білім алып жатқан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<