Өзбекстанда Журналистика университеті құрылды

111

0

Өзбекстанның жоғары оқу орындары жүйесі жаңа білім ордасымен толықты. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 24 мамырда Журналистика және бұқаралық коммуникация университетін құру туралы қаулыға қол қойды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат ӨзАА-ге сілтеме жасап.

Өзбекстанның жоғары және арнайы орта білім беру жүйесінде журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетін құру туралы шешім жаһандану дәуірінде журналистиканың ерекшеліктерін, оның тарихи жетістіктерін, қазіргі жағдайы мен перспективаларын жан-жақты зерделеу мақсатында қабылданды.

Жаңа оқу орны білім беру үдерісіне заманауи ақпараттық технологиялар мен қашықтықтан оқытудың әдістерін енгізе отырып, білікті журналист кадрларды даярлаумен айналысатын болады. Сондай-ақ, білім ошағы магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша болашақ жас түлектерді шетелдік оқу орындарына және ғылыми орталықтарға жіберу арқылы университеттің педагогикалық әлеуетін арттырмақ.

Алдын ала белгілі болғандай, үміткерлер жаңа университетке тестілеу және шығармашылық емтихан (әңгімелесу) негізінде қабылданады.