Шиелі ауданындағы №127 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-лицейі – аудан абыройын асқақтатып жүрген іргелі білім ордасының бірі. Жыл сайын Ұлттық бірыңғай тест қорытындысы бойынша өзге білім ұяларынан озық көрініп жүрген бұл мектеп тәрбие беру ісінде де көпке үлгі. Көптің аузында жүрген мақтаулы білім ұясын біз де көріп, көңіл тоғайды.
Ауласынан кірген бойда мұнтаздай тазалық, ұқыптылық бірден көзге ұратын білім ұясының іші де күні бойы балалар болатын орынға ұқсамайды, тып-тыныш, жинақы. Бізді мектеп директоры Гүлшар Әбдіқадірова бастаған ұжым мүшелері қарсы алды.
Тарихы 1986 жылдан басталатын білім ордасы күні бүгінге дейін білім беру ісінде талмай ізденіп, жетістіктерге жетіп келеді екен. Талай талантты да білімді жастар түлеп ұшқан ұя уақыт үнімен ілесе еңбек етуді мақсат етеді. Соның негізінде 2002 жылы лицей мәртебесін алды. Содан бері абырой биігінен көрініп келеді. Мәселен, биыл түлектердің білімін саралайтын Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында аудан бойынша жоғары 125 балды осы лицей түлегі Табиғат Матхановтың алғаны сөзіміздің айқын дәлелі. Бүгінгі таңда мектепте 900 оқушы бар, 7 бірінші сынып қабылданған.
Жыл сайын ҰБТ-дан жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келетін білім ұясында 2015 жылы орташа балл 88-ді құраса, 2016-2017 оқу жылында 3 оқушы, 2017-2018-де 5 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. Өткен оқу жылында 23 оқушы ҰБТ-ға қатысқан. Қорытындысы бойынша орташа балл 90,3-ті құраған. Түлектердің 15-і мемлекеттік грант иегері атанса, 1 оқушы шетел грантын, 2 оқушы облыс әкімі грантын, 2 оқушы ректор грантын иеленген.
– Бұл тек ҰБТ бойынша жетістіктеріміз. Тәрбие беру ісінде, өнерге баулу бағытында да қол жеткізген табыстарымыз көп-ақ. Әрбір жетістіктің артында ұстаздарымыздың өлшеусіз еңбегі тұр. Ал сол еңбекті ақтай білер шәкірттер біздің алтын ұядан шыға береді деп сенеміз,– дейді Гүлшар Бердіәліқызы.
Иә, істің қиюын келістіретін қашан да мықты кадр екені белгілі. Бұл жағынан келгенде Гүлшар Әбдіқадірова жетекшілік ететін ұжым озық тұр деуге болады. Ұжымда жалпы 117 мұғалім еңбек етеді. Оның 113-і жоғары білімді, 4-і орта білімді. Оның жоғары санаттысы 25, 45-і бірінші санатты.
Елбасының биылғы Жолдауында білім саласын жетілдіруге қатысты тапсырмасына сәйкес, былтырғы оқу жылында 8 мұғалім педагог-зерттеуші, 6 мұғалім педагог-сарапшы, 5 оқытушы педагог-модератор біліктілік санаты бойынша үстеме ақы алса, мектеп мұғалімдерінің 85 проценті қазіргі заман талабына сай жаңартылған білім мазмұны бойынша білімдерін жетілдірген.
– Былтырғы оқу жылында орта білім мазмұнын жаңарту аясында «Тілдік құзыреттілік», химия, физика, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту курсында 4 маманымыз білімдерін жетілдіріп, қазіргі таңда аталған пәндерден «терминология» курсын енгізіп, ағылшын тілінде сабақ өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді мектеп директоры.
Ауданда ҰБТ қорытындысына сәйкес таңдау пәнінен ең жоғары балл жинаған оқушылардың мұғалімдерін марапаттап, ынталандыру жолға қойылған. Бұл орайда №127 мектеп ұстаздарының мерейлері үстем болып жататыны дәстүрлі жағдай. Биыл да түрлі пәндер бойынша Фарида Кембаева, Жұмакүл Әшірова, Гүлсім Бегалиева және Сандуғаш Мұсабаева марапатқа ие болды. Сонымен бірге жоғарыда айтып өткен аудан бойынша ең жоғары 125 балл жинаған Табиғат Матхановтың бастауыш сынып жетекшісі Меруерт Әбдіқожаева мен математика пәні мұғалімі Фарида Кембаева аудан әкімінің арнайы сыйлығын иеленген.
Облыс әкімінің әр жылдардағы арнайы сыйлығының иегерлері де, «миллионер» мұғалімдер де осы мектептен табылады. Мәселен, Қалмира Нұғманова 2010 жылы облыс әкімінің 200000 теңге сыйақысын алса, 2012 жылы Жәмилә Аманжолова 150000 теңге сыйақыға ие болған. Ал, 2013 жылы Жұмакүл Әшірова миллионер мұғалім атанса, 2014 жылы бұл атаққа Ғалия Оспанова ие болғаны – білім ордасы үшін үлкен мақтаныш.
Жетістікке жетуде материалдық базаның сай болуы да басты орында. Бұл орайда мектеп-лицей көпке үлгі бола алады. Мұнда биология, химия кабинеттері жаңартылған. Өзге кабинеттер де талапқа сай.
Мұнда кезде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру бастамалары батыл қолға алынып отырғанын да байқауға болады. Мектептегі барлық компьютер интернет жүйесіне қосылған. 3 информатика кабинеті, робототехника үйірмесі қазір оқушылардың ең көп уақыт өткізетін орнына айналған. Үйірме жетекшісі Құралай Қалдыбекова жас жеткіншектерді заманауи өнердің қыр-сырына үйретуде талмай ізденіп келеді.
Мектепте тәрбие ісі де жолға қойылған. Таеквондо, тоғыз құмалақ, шахмат секілді спорт үйірмелері жұмыс жасайды. Сонымен бірге «Жас техник», «Жас биолог», «Жас тілші» үйірмелері де балалардың үлкен қызығушылықпен қатысатын қосымшалары.
Мектеп оқушылары оқумен қатар түрлі деңгейдегі ән-жыр байқауларында жүлделі орындарға ие болып, мектеп ғана емес, аудан абыройын асқақтатып жүр. Мәселен, Ш.Әкім республикалық «Тайжарыс» әндер байқауының, республикалық ХV «Абай оқулары» байқауының жеңімпазы болса, Б.Бауыржан республикалық «Інжу-маржан» өнер байқауының ән жанры бойынша жеңімпазы.
Жеткіншектерге білім мен тәрбие беруде үздіксіз ізденіп, талмай еңбектеніп жүрген мектеп ұжымы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Соның нәтижесінде бірқатар марапаттарға ие болған.
Тәуелсіз елдің жарқын келешегіне жан-тәнімен қызмет етіп жатқан бұл ұжымның берекелі тірлігі бізді де ерекше сенім мен сезімге бөледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<