Жерлестермен жүздесу

227

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Туған жерге тағзым» акциясы аясында брифинг өтті. Оған ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби  атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Берекет Кәрібаев және Алматы қаласындағы «Медициналық жедел жәрдем станциясының» бас дәрігері Сәбит Пазылов қатысты. 

Алдымен сөз алған белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев «Туған жерге тағзым» акция­сы аясында жерлестерімен жүз­десудің тағы бір сәті түскенін мақтанышпен жеткізді.

– Өткен жылы туған жерге келгенімізде өзіміздің жер­ле­сіміз, КСРО Халық әртісі Роза Бағланова атындағы рес­пуб­ликалық байқауды Сыр елінде ұйымдастыру жайлы ой білдірген едік. Жергілікті аза­мат­тардың оны ескергеніне риза­шылық білдіремін, – деді ол.

Жалпы, халықаралық, рес­пуб­ликалық байқауларда Сыр елінің атынан қатысатын өнер­паз­дар таланттарын дәлелдеп келеді. Әрбір перзент өзінің туған жеріне қызмет етуі парыз. Жастарды еліне деген сүйіс­пен­шілікке, патриоттық сезімге баулу керектігін жеткізген ком­позитор биыл Қызылорда қала­сы­ның 200 жылдық мерейтойына «Сыр елі» әнін тарту еткен.

Брифингте тарих ғылым­дарының докторы Берекет Кәрібаев соңғы кездері елі­мізде рухани жаңғырудың сер­пі­лісі жүріп жатқанын айтты. Жақында шыққан «Ұлы да­ланың жеті қыры» мақаласы  осы бағыттағы бастамаларға жан бітірмек.

– Елге келіп, «Туған жерге тағзым» акциясына қатысып жатқаныма қуаныштымын. Қа­зіргі кезде өзге өңірде қызмет етіп жүрсек те, облыста өткізіліп жатқан шаралардан қалыс қал­мауға тырысамыз, – деп сөзін бастаған Сәбит Пазылов аймақ  медицинасының қарқыны жайында айтты.

Медицина саласында Сыр елінен шыққан білікті  мамандар жетерлік. Сонымен бірге соңғы кезде бұл салаға қолдау ерекше артқан. Аймақта бес жыл көлемінде медициналық мекеме 64 процентке жаңартылды. Оның ішінде өткен жылы Қазалы ауданында жаңа аурухана ел игілігіне берілді. Биыл жыл басында Аралда аурухана іске қосылса, жыл аяғында  Шиелі ауданында жаңа нысанның құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, облыс мемлекеттік жекеменшік-әріптестік  аясында атқарылған жұмыстар бойынша алдыңғы орында тұр.

Бүгінгі күні Қызылордада жүрекке жасалатын  ангиография яғни, жүрек тамырларын тексеретін аппарат тек облыстық медицина орталығында  ғана болса, жақында қол қойылды меморандумға сәйкес респуб­ликада бірінші болып, біздің аймақта мұндай қондырғы аудан орталығында іске қосылмақ. Белгілі дәрігер акция аясында кешеден бері тұрғындармен кездесіп, кеңес беріп жатқанын жеткізді. Мәселен, облыстық медициналық орталықта екі отаға атсалысқан. Бұрын күр­делі оталарды Алматы, Астана қалаларында жасайтын болса, енді өзімізде де жасауға толық мүмкіндік барын да тілге тиек етті.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<