Жеңіс Сейдуллаұлы: Ұлттық құндылықтарымызды барынша дәріптейтін дәуір туды

215

0

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен жуықта тұсауы кесілген «Елбасы жолы. Астана» фильміне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
– Өнер саласындағы ең маңызды бағыттардың бірі – кино. Бүгінгі таңда халық санасын жаңғыртудың немесе қалыптастырудың басты әрі ең тиімді құралына айналған кино саласының өзектілігі күн сайын арта түсуде. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады» деп ерекше атап өткен болатын», – дейді ол.
Жеңіс Сейдуллаұлының айтуынша, қазақ киносының қазіргі даму жағдайы жаңаша бастамаларға толы кезең. Себебі оның басты мақсаты – өткен тарихымызды түгендеу, тарихи сананы жаңғыртуға әсер ету, келешектегі жоспарымызды айқындау.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы игі бастамалардың нәтижелеріне зер салып қарасақ, қазір ұлттық құндылықтарымызды барынша дәріптейтін дәуір туды. Ең бастысы, мәңгілік елдің мәңгілік мұрасы болатындай ұлттың рухын көтеретін туындылар жасалып жатыр. Солардың бірі – күні кеше тұсаукесері өткен «Елбасы жолы. Астана» фильмі. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай режиссер Ақан Сатаевтың тарту еткен картинаны тамашалауға Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың өзі келді. Тәуелсіз Қазақстан елордасының қалыптасу тарихындағы Елбасының рөлі туралы баяндалған фильмнің алғашқы көрсетілімі «Қазақстан» орталық концерт залында өтті», – дейді Жеңіс Сейдуллаұлы.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері өз сөзінде отандық кино саласындағы маңызды оқиғаға айналған фильмнің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы еңбек ететін өнер ошағында көрсетілуі өзі үшін үлкен мәртебе екенін айтады. «Жазық далада өсіп тұрған үлкен экзотикалық гүлдің образындағы бірегей, теңдесі жоқ кешенді құру идеясын Мемлекет басшысы ұсынған еді. 2009 жылы Елбасының бастамасымен ашылған елорда төріндегі «Қазақстан» орталық концерт залының техникалық мүмкіндіктері «Елбасы жолы. Астана» көркем фильмінен алған жақсы әсерді еселей түсті. Өнер – өмірдің айнасы демекші, мемлекет тарихындағы елеулі оқиғалардың негізінде жасалған көркем фильм сол кездегі өмір шындығын анық әрі нақты көрсете білген. Көрермен қауым зор ықыласпен қабыл алған бұл туынды еңселі еліміздің Елордасын жаңадан құрып, барша әлемге паш еткен Ұлт көшбасшысының қиын сәттерде қабылдаған тарихи шешімдерін бағалауға, терең сезінуге ықпал етті», – деп түйді Жеңіс Сейдуллаұлы. Еске сала кетсек, 30 қараша күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елорда жұртшылығымен бірге «Елбасы» киноэпопеясының «Астана» атты фильмін тамашалаған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<