Жаз маусымы басталысымен жіті ішек инфекциясы ауруларының тіркелу көрсеткіші басқа кезеңдерге қарағанда арта бастайды.
Оған себеп – ыстық ауа райында тамақ өнімдерінің тез бұзылуы, мерзімінен ерте піскен жеміс-жидектерді мөлшерден тыс қолдану.
2024 жылдың 5 ай қорытындысымен облыс көлемінде жіті ішек инфекцияларының 349 жағдайы тіркелді.
2023 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 9,1%-ға төмендеу тенденциясы байқалады. Облыс көлемінде тіркелген жұқпалы жіті ішек ауруларының 98% Қызылорда қаласында анықталды. 89% – 14 жасқа дейінгі балалар арасында, оның ішінде 68% – 2 жасқа дейінгі балалар үлесінде.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандарымен жүргізілген эпидемиологиялық тексеру қорытындысымен аурудың басты таралу себептерінде үй жағдайында дайындау технологиясы бұзылған немесе дұрыс сақталмаған тағамдарды тұтыну, сүт өнімдері, мерзімінен ерте піскен жеміс-жидектер, сусындар, қайнамаған су және бала күтімінің нашарлығы салдарынан болған.
Соңғы уақытта жаздың алғашқы айларынан бастап тұрғындар арасында жіті ішек инфекциялары аурулары мерзімінен ерте піскен бақша өнімдері мен жеміс жидектермен байланыстырған науқастар тіркелуде.
Эпиданамнез жинау барысында 13 тұрғын мерзімінен ерте піскен жеміс-жидек пен қауын-қарбызды жегеннен кейін өздерін жайсыз сезінген.
Әдетте қарбыздар маусым айында сауда сөрелерінде пайда бола бастайды. Бұл уақытта өнімдер анағұрлым қауіпті, яғни нитратпен улану деңгейі жоғары. Бұдан бөлек, гербицид, пестицидтердің мөлшерден тыс болуы да денсаулыққа кері әсер етеді.
Сонымен қатар жеміс-жидектерді, қарбыз-қауынды сақтау және жеткізу ережесінің бұзылуы да осы өнімнен ауырып қалуға себеп болады.
Сондықтан Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ерте піскен жеміс-жидектер мен қауын-қарбыздардан денсаулыққа зиян келмес үшін сақтық шараларына салғырт қарамауды, ауру белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Яғни жеке бас гигиенасын сақтап, қолды жиі сабындап жуу, қайнатылған немесе тазартылған, бөтелкедегі суды пайдалану, жеміс-жидектерді міндетті түрде мұқият жуып жеу, ерте піскен бақша өнімдерін тұтынуды мейлінше шектей тұру, субұрқақтарға шомылмау сияқты сақтық шаралары аурудың алдын алуға ықпал етеді.
Динара Жанабергенова,
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<