Жолаушылар пойыздарынан көптеген кемшіліктер анықталды – ИДМ

272

0

  ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті маусымның 7-і мен 15-і аралығында 13 жолаушылар пойызын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Солардың ішінде Алматы-Манғышлақ бағытымен жүретін №377/378, Алматы-Орал – №379/380, Алматы-Саратов – №7/8, Алматы-Ақтөбе – № 33/34, Алматы-Сарыағаш – №85/86, Атырау-Маңғышлақ – №313/314, Астана-Қызылорда – №89/90, Алматы – Атырау – №35/36 құрамдары бар.

Инспекторлар тексеріс барысында 23 билетсіз жолаушы тасымалданғанын, 55 жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелері бұзылғанын анықтады. Нәтижесінде 19 әкімшілік іс қозғалып, тасымалдаушыға 350 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

13 тексеріс материалы белгіленген жолаушылар пойызында қызмет көрсету талапқа сай болмауына байланысты заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік материалдар құру үшін Көлік комитетінің аймақтық бөлімшелеріне жіберілді. Жіберілген материалдар бойынша айыппұлдар сомасы 550 мың теңгені құрайды.

Одан басқа маусым айының 18-і мен шілденің 8-і аралығында комитет 27 жолаушылар пойыздарында жолаушыларға қызмет көрсету саласындағы ұлттық стандарттың және субсидиялау шарттарының талаптарын тасымалдаушылар бұзғанын анықтады. Нәтижесінде 260 заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда солардың ішінде ауа кондиционерлері жүйесі мен ішкі құрылғылардың ақаулықтары, вагондардың қанағатсыз санитарлық күйі, төсек-орын сапасы және басқалары бар.

Субсидиялау шарттарының талаптары шеңберінде тасымалдаушыларға жалпы сомасы 12 млн теңгені құрайтын төленген субсидияларды қайтаруға санкциялар берілді. Анықталған заңбұзушылықтарды жақын арада жоюға нұсқау берілді.

Осы бағытта жұмыс әрі қарай жалғасуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<