Жартыжылдың нәтижесі қандай?

557

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Ноғаева биылғы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жайын баяндады.

Департамент басшысының айтуынша, жылдың бірінші жартыжылдығында облыстағы 89 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестациялау жүргізілген. Нәтижесінде, 44-і аттестатталып, 45 білім беру ұйымы талапқа сай болмағандықтан аттестаттаудан өтпеген. Оның ішінде  38 білім беру ұйымы қайта аттестаттаудан өткізілсе, 8 балабақшаға осы қыркүйек айында аттестаттау жүргізілетін болады.

– Жыл басынан бері 36 бақылау шарасы жүргізіліп, 17 білім беру ұйымына нұсқаманың орындалуы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Атап айтқанда, 16 лицензиялық бақылау, оның ішінде 6 мектеп және 3 колледжге, сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың өтініші бойынша жоспардан тыс 3 тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұған сәйкес екі мектеп басшысына әкімшілік шара көрілді.

Біздің департаментте негізінен екі мемлекеттік қызмет көрсету түрі бойынша жұмыс жүргізіледі. Осыған сәйкес, жыл басынан бері «Е-лицензиялау» порталына 41 өтініш келіп түсті. Оның ішінде лицензия алу бойынша 9, лицензияның қосымшасын алуға 29, қайта рәсімдеу бойынша 3 өтініш қаралып, қорытынды жасалды. Сонымен қатар, балалардың құқығын қорғау мақсатында департамент жанынан мониторингтік топ құрылған болатын. Осыған сәйкес мемлекеттік органдардың арасында тұрақты байланыс орнату және бала құқықтарына қатысты сұрақтарды жедел шешу мақсатында «Жедел әрекет ету» желілік орта (чаты) құрылып, жұмыс істейді. Бұл ретте балаларға қатысты орын алған оқыс оқиғалар, басқа да маңызды  ақпараттар балалардың құқықтарын қорғау комитетіне жолданады, – дейді Ғ.Ноғаева.

Департамент басшысының айтуынша, маусым-шілде айларында облыс аумағындағы мектептерде кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілген. Бұл тексеру бойынша білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы, санитарлық тораптардың жай-күйі, бейнебақылау және ішкі әжетханалармен қамтамасыз етілуі сияқты мәселелер зерделеніп, алдағы жаңа оқу жылына дайындық нақтыланған. Онда облыстағы 8 кешкі мектептің жұмысына байланысты анықталған олқылықтар облыстық білім басқармасына жолданған. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыс уақытын бес жұмыс күні ішінде 10 жарым сағаттық жұмыс уақытына ауысу бойынша ұсыныс берілген.  Қазір облыстағы барлық мемлекеттік балабақшалар аталған жұмыс режиміне ауысқан.

Алдағы уақытта білім беру ұйымдарында мемлекеттік бақылауды жалғастыру, ұлттық біліктілік тестілеу қорытындыларын нақтылау және педагогтарды жұмысқа қабылдау заңдылығы және олардың құқықтарының қорғалуы тұрақты түрде қадағаланады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<