Біртуғандардың бірегей құрметі

511

0

Астанада, Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаровтың ресми сапары аясында Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетов қазақстандық мәдениет және өнер қайраткерлеріне мемлекеттік марапаттар табыстады.

Қырғызстан Президентінің Жарлығымен бауырлас екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін құрметке ие болған қайраткерлермен бірге Сыр елі перзенттері – ҚР Президентінің кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жұмаханұлы Омаров «Достық» орденімен, республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, бұқаралық журналының бас редакторы, белгілі ақын Нұрлыбек Саматұлы Сафин «Даңқ» медалімен марапатталды.

Бұл марапат Б.Омаровқа қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын дамытып, Халықұл Байұлы, Арыстанбек Билашұлы, Молдақылыш, Алдашмолда, Молланияз секілді заманчы қырғыз ақындарын қазақ әдебитетінің зарзаман ақындарымен салыстыра зерттеген ғылыми еңбектері үшін лайықталды.

Н.Сафинге қырғыз әдебиеті өкілдері туындыларын республикалық «Таң-Шолпан» журналында үзбей жариялап, туысқан ақындарды насихаттаған белсенділігі үшін берілді. 

Біртуғандардың бірегей құрметіне лайық болған жерлестерімізді марапаттарымен құттықтап, руханиятқа баянды қызмет ете берулеріне тілектестік білдіреміз.

«Сыр медиа» ЖШС ұжымы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<