Ізі өшпес ізгі жан

405

0

Халық арасында «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген тәмсіл бар. Қамшының сабындай ғұмырында жұрты үшін жігерін жанып жұмыс істеген, өзі өмірден өтсе де, еңбегі естен кетпейтін жандар жеткілікті. Өлкетанушы, шежіретанушы Майдан Түйімбетов (27.05.1943ж.-7.07.2023ж.) артында өнегелі істері қалған осындай азамат еді. Зымырап өте шыққан  уақыт-ай. Әне-міне дегенше ағамыздың келместің кемесіне мінгеніне де қырық күн толмақ.

Қармақшы ауданының тумасы Мәкең әр жылдары білікті маман ретінде мал да емдеді, егіншілікпен де айналысты. Яғни, ердің жасы елуге толғанша тер төккен саласы  – ауыл шаруашылығы. Ғұмырының соңғы отыз жылын қазақтың ауызша тарихының құнды да құнарлы көріністерінің бірі – шежіре жинақтауға арнады. Толассыз күш-жігерді қажет ететін ізденіс пен шығармашылық жолында табысқа жетудің кілтін жалғыздықтан іздеген болар, бәлкім. Осындайда АҚШ жазушысы Эрма Бомбектің:  «Жалғыздық – арманшылдар таңдауы» – деген тұжырымы еске түседі.

Ұмытыла бастаған шежірешілдік дәстүр қайта жаңғырған кезеңде  Майдан ағайдың өлке тарихы мен этнографиясы, діни қайраткерлері туралы  дүниелері республика, облыс көлемінде жарық көре бастады. Негізгі зерделеу нысанына келсек, ол – қазіргі қазақ ұлтының құрамындағы Керейт тайпасының ата тарихы. Тарлан тарих беттері Керейт хандығының IX-XII ғасырларда Селенгадан Шығыс Моңғол құмына дейінгі аумақты алып жатқанының куәсі. Шыңғыс хан әскерінен 1203 жылы күйрей жеңілген олардың бір тобы ата жұртында қалды. Ал Орта Азияға бет бұрған бір тобы ғасырлар көшінде Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, Моғолстанға қарап, кейін көпшілігі Қазақ хандығына қосылса, аз бөлігі өзбек, қырғыз халықтары арасында қалды.

Уақыт көші, сындарлы кезеңдер көмескілендірген бағзы тарих пен бүгінгі заман арасындағы шежіре тінін қалпына келтіруді ең қастерлі мұратына балаған Майдан Шәдіұлы өзі теріп-жинаған материалдарды шаршамай-талмай саралап, әрдайым жаңа мәліметтермен, тың деректермен толықтырып, үнемі ізденіс үстінде жүретін-ді. Ол бейнебір ақиқат іздеген дәруіштей жеті жыл бойы (1996-2003 жж.) Өзбекстан (Навои облысының Зарафшан қаласы, Тамды ауданы,  Керзібұлақ, Аяққұдық елді мекендері, Бұқара қаласы), Қарақалпақстан (Нөкіс, Үргеніш, Шымбай қалалары, Бируни, Қызылқала, Тақиятас, Тақтакөпір аудандары), Түрікменстан мен Қазақстанды (Ақтөбе, Ақмола, Көкшетау, Қызылорда облыстары, Алматы, Шымкент қалалары) аралады.

Керейт тайпасы тарихының білгіріне айналған  шежірешінің ел қамын жеген алғадай тұлғалардың, билер мен батырлардың ерен істерін насихаттаудағы еңбегі өз алдына бір төбе. Әсіресе, Рабиға ана, шейх Баһуаддин Нақышбанди, пір Мүсірәлі Софы Әзиз туралы туындыларының маңызы ерекше. 2004 жылы жарық көрген «Софылар әлемі» (2004 ж.) жинағы – осы бағыттағы зерттеулерінің қисынды қорытындысы.

Бүгінде кәсіби тарихшылар ататек шежіресін ғылыми дереккөз ретінде мойындап отыр. Ата тарихты ұмытпау бұрынғылардың арманына, болашақтың мүддесіне жауап береді. Оқырман қолына 2006 жылы тиген «Жетіру Керейт» (2006 ж.) шежіресі – Майдан ағаның ұзақ жылғы іссапарларының толымды нәтижесі. Бірегей шежіре содан бері ағайынның арасын жақындатып, халқымыздың бірлігін бекемдеу ісіне зор үлесін қосып келеді. Орын алған кейбір объективті олқылықтарға қарамастан, кітаптың құндылығы жыл озған сайын арта түсетініне күмән жоқ. Оның деректемелік базасын толықтырып, жаңғыртып отыру – келесі шежірешілер буынына артылар қастерлі парыз.

«Ер туған жеріне» демекші, халқына қызмет ету – абыройлы міндет. Майдан Шәдіұлы осы үдеден шыққан азамат. Әлбетте, егер игі бастамаларын қолдаушылар болмаса, жалғыз өзі ештеңе бітіре алмас еді. Ілкімді ізденістер бастауы ел тәуелсіздігінің сындарлы сынақтарға толы алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келді. Міне, тап сол кезеңде оған «Ақмешіт шапағаты» қоғамдық қорының төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Қылышбай Бисенов көмек қолын созды және осынау ізгілікті қадамын марқұм дүниеден өткенше жалғастырды. Атап айтқанда, баспана, күнкөріспен қамтамасыз ету, ел көлеміне және көрші мемлекеттерге іссапарлар шығыны, редакциялық-баспа және типография қызметтеріне жұмсалатын қаражаттар, т.б. тіршіліктеріне тұрақты демеушілік жасады. Әрине, аталған жұмыстарды атқару айтуға ғана оңай. Ал осынша қамқорлық жасау тек Қылышбай Алдабергенұлы секілді ел қамын ойлаған тұлға, ұлт руханиятының шынайы жанашыры, тәжірибелі ұйымдастырушының ғана қолынан келсе керек.

Майдан аға екеуміз шығармашылық байланыстан бөлек, дөңгелек дүниенің құбылыстарына қатысты сирек те болса пікір алысушы едік. Сондай сәттердің бірінде өзінің 41 жасында жалғанның қызықтарынан бас тартып, нәпсісін тыйып, жүрегі мен көңілін Хақ жолына байлағанын айтқаны есімде. Расында, ол өз басын тіккен иман жолына бар ынта-ықыласымен беріліп, алған бетінен қайтпайтын қайсар кейпінде қиындықтарға мойымай өмір сүрді.

Адал еңбегі мен өміршең ісі – марқұмның артында қалған өшпес ізі. Түп-тұқиянын, тұғырлы тұлғаларымыздың тарихын ұрпаққа мирас етудегі Майдан Түйімбетовтің іргелі жұмыстарының әділ төрешісі – уақыт пен халық. Өзі жоқ болса да, оның ізгі болмысы мен  жарқын бейнесі  ел жадынан өшпейді.

 Қали ОМАРОВ,

ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының толық  мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<