Оспан көпірі және ол  жайлы  бірер сөз

1501

0

«Оспан көпірі» аталғанына да жүз жылдан асып кеткен және оны салғандар жайлы көпшілік біле бермейді. Сондықтан қысқаша мақалам «Оспан көпірі» және оны салдыртқан Оспан жайлы болмақ.

Сыр бойындағы Ақмешіт маңында тұратындардың басым көпшілігі жазда жайлауда Торғай мен Қостанай (Арқа) жағында болып, қыста Сырдарияның жағалауындағы ауылдар, Ақмешіт өңірін қыстаған. Бұл туралы ауызша, жазбаша деректер көп-ақ.  

Жайлау жолын нақтыласақ, «Оспан көпірі» мен Арысқұм, Сарысу, Телікөл, Қызылжыңғыл, «Қыздың шұбары» атты, тіпті одан асып Бұланты, Білеуті өзендеріне дейін барып жайлаған.

«Нәнсай» мен «Көксу» өзеншелері көктем мен күзде жайлауға шығушыларға қиыншылық келтіретін болған. Одан шығудың бір жолы – Көксудың Бесарнаға қосылған жерінен көпір салу керек деп шешеді. Ел ақсақалдары бас қосып, көптен бері өздерімен аралас-құралас болып жүрген орыс-казак Афанасқа қолқа салып, көпір салуды қолға алуды және оған көмекшілікке «пысық жігіт» атанған, кедей болса да ұйымдастырушылық қабілеті бар Оспанды береді. Оспанның бұл кезде суармаға тары егіп, одан мол өнім алып, жұртшылықтың көзіне түсе бастаған уақыты. Оспан бастап, жұртшылық қолдап дегендей көпірді салып бітіреді. Халық асарлатып алдымен Қарабурамен буып, кейін ағаш бөренелерді салады. Әуелде орыс-казак жігіті Афанас көмектеседі. Өйткені ол Оспанмен тамыр-сүгірей болатын. Бұл – 1916 жыл. Көнекөз қариялардың айтуынша, Нәнсайдағы көпір 1916-1932 жыл арасында екі рет жөнделіпті. 

Жергілікті белсенділердің қудалауымен Оспан тоқалымен қазіргі «Құмкөл» маңына, кейін Қырғызстанның Ош облысына жер аударылған деседі. Ел бұрын «Тағай көпірі» аталған көпірді Оспанның еңбегін ескеріп, 1932 жылдан «Оспан көпірі» атандырады. Осы көпірден жайлауға көшер тұста 100 мың қой, басқа да ірі қара малы өтетін болған. Сонымен қатар, 1939-1940 жылдарда елге келген «Zm3» тракторына шыдас бермей, бұзыла бастайды. Оны 1944 жылы Қызылорда облыстық жол жөндеу бөлімі қарамағына алып, басына қарауыл қояды. Көпір күрделі жөндеуден кейін қайта жұмыс істей бастаған. 1960-1970 жылдарда бұл көпірдің орнына жаңа жобамен көліктерге шыдас беретін көпір салынады. Онымен Жезқазған мен Қызылорда қатынасы тоқтаған емес. 

Менен бұрын «Оспан көпірі» жайлы белгілі ұстаз, әдебиетші Меңдияр Киікбаев, көне әңгімелерді көп білетін қариялар – Орынбасар Оразбаев, Камал Бердәулетов аз-кем дерек қалдырған. Осылардың ішінде Меңдияр Киікбаевтың (1913-1983) жазғандары нақтырақ секілді. Ол Оспанның әкесі Сұңқарбай, Қосшыңырау ауылының тұрғыны екенін де нақтылаған.

Ауызша шежіреде Оспанды Айтуған баласы Іңкәрбайдан туғызады. Ал Перовск уезі Царск облысының №3 ауылындағы Тағай руы адамдарының қыстауын тізген (1868) құжатта бірінші болып жазылған Сұңқарбай Байтуғанов. Олай болса, Оспанның әкесі Сұңқарбай, атасы Байтуған болар. Меніңше, Байтуған мен Айтуған бірге туысқан адамдар.

Оқырмандарға түсінікті болу үшін М.Киікбаевтың 1949 жылы жазған мақаласынан үзінді келтірейін:

… Бір кезде Ақмешіт пен Арқа жолын қысқарту үшін Бесарнаға көпір (1916) салынған. Оған мұрындық болған Қосшыңырау бойындағы кедей жігіт Оспан Сұңқарбаев. Оспаннан – Әбдібек, Әбдіғали, Сығай, Әлиасқар (Асқан) атты төрт баласы болған. Олардан ұрпақтар жалғасқан. Әлиасқар Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовпен дос-жар, сырлас болыпты.  Накеңнің көп адамдармен сыйлас бола бермейтінін білеміз. Олай болса Оспанның кенже баласын өзіне тең санаған.

Тағайлық Орынбасар Оразбаев өз жазбаларында 1931 жылы Оспанның әуелде «Доңызға, кейіннен Қырғызстанның Ош облысына жер аударылғанын айтады. Алайда 1928-1933 жылдардағы қуғын-сүргінге арналған кітаптарда ол туралы мәлімет кездестірмедім. Мүмкін «шолақ белсенділердің» әрекетіне шыдамай өзі кеткен болар.

Тағайлық Сейітмұрат Қажымұратұлы Есжанов Оспан жайлы білетіндерімен бөлісті. Оның айтуынша, Оспан кіші әйелі (тоқалы) Айғаныммен елден ауып, бәйбішесі Қойсынға балаларын аманаттап кеткен. Сол балалары кезінде оқып-білім алып, 1941-1945 жылдардағы алапат соғыстан елге аман оралып, колхоз, кеңес ұйымдарында басшылық қызмет атқарған тұлғалы азаматтар болғанын еске алды.

Сейітмұрат інім Оспанның үлкен баласы Әбдібектің «Оспан көпірге» барып, отбасымен түскен суретін де жіберіпті. Оған көп-көп рахмет айтамын.

Оспанмен бір ауылда тұрып, аралас-құралас болған Айтбай Хангелдин өзінің «Қараторғай» (Шолпан) романындағы негізгі кейіпкердің біріне Оспанды алған сияқты. Көркем дүние болғанмен кейбір жазбаларындағы сөйлемдер, біз жазып отырған Оспанға ұқсайды. Оны Шолпан Жанболатқызының мына өлең жолдарынан аңғаруға болады.

«… Әуелі, Оспан аға, алғыс саған,

Хабардар жан екенсіз әр нұсқадан.

Болса да қолың қысқа, ақылың абзал,

Басшы қып, жора-жолдас алға ұстаған», – деуінде көп мән жатыр. Шолпаннан Оспан үлкен болса, онда ол 1875-1877 жылдары туған. Қайтыс болған жылы, жері белгісіз.

Ауызекі әңгімелерде Оспанның 1910-1913 жылдарда болыс болғаны айтылады. Әзірге мұндай деректі кездестіре алмадық. Мүмкін тағайлықтардың бір ауылына би (ауылнай) болған сияқты.

Айтпақшы, жазушы Айтбай Хангелдин Ақмешіт маңында Оспандардың көп болғанын: «Ұзын Оспан», «Кәпір Оспан», «Бұзық Оспан» деп аталатынын хабардар еткен. Ел аузында Оспанның көзінің өткірлігіне орай, оны «Көз Оспан» атандырыпты. Мүмкін романдағы «Көз Оспан» да осы біздің кейіпкер болар. Бір төбелесте көзі шығыпты. Мүмкін, бәрі де мүмкін.

1868 жылғы архивтік құжатта: Сұңқарбай Байтуғанов, Қалыбай Бекше және тағы басқалардың «Бесарна», «Ризық арал», «Талдыарал» бойын қыстап отырғанын жазған.

Қалай болғанда да, Оспан атты азаматтың халықтық игілікті істердің басы-қасында болуы, Сыр мен Арқаға жол ашып көпірді салуы үлкен іс.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі, зерттеуші

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<