Бірқатар тапсырма берді

497

0

Кеше Мемлекет басшысы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Светлана Жақыпованы қабылдады.

Кездесу барысында халықтың тұрмыс сапасын арттыру және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін институттық деңгейде жаңғырту мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Светлана Жақыповаға халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының құқықтарына кепілдіктер мен олардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Атап айтқанда, Президент көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар секілді әлеуметтік санаттағы топ өкілдерімен проактивті жұмыс істеу, сондай-ақ заңнама аясында олардың құқықтары мен мүдделерінің сақталуына қатаң бақылау жүргізу қажеттігін айтты.

Президент мүгедектігі бар адамдардың мәселесін шешуге айрықша назар аударып, осы санатқа жататын отандастарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін заңнамалық және институттық базаны жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Кездесу соңында Президент ұсынылған тәсілдерді тиімді жүзеге асыру үшін Уәкілдің мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті.

ЖАҢА НАРЫҚҚА ЖОЛ

Abu Dhabi Ports компаниясымен бірлескен кәсіпорынды іске қосу Қазақстанға Парсы шығанағы, Таяу Шығыс, Пәкістан, Үндістан және Шығыс Африка жағалауындағы елдер нарықтарына елімізден экспортталған жүктерді жеткізудің ең қысқа тікелей жолын құруға мүмкіндік бермек. Оны құру перспективаларын Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Simatech Shipping & Forwarding (ADP тобына кіреді) басшысы Давуд Тафти талқылады.

Негізгі міндет – Қазақстандағы Құрық портынан Парсы шығанағы елдеріне ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізу. Жаңа бағыт қазақстандық экспорттаушыларға бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашпақ: үш күнде Иран арқылы Әмірабад, Бендер-Аббас, Бендер-Хомейни, Чабахар порттарына, БАӘ-лік Халифа, Фуджейраға және әрі қарай Үндістан, Пәкістан, Қиыр Шығыс, Африканың шығыс жағалауындағы барлық портқа жол ашады. Бұл ретте басқа тауарларды еуропа елдеріне жеткізу мүмкіндігі де қарастырылуда.

Кездесу барысында тараптар әрі қарай Парсы шығанағы елдеріне транзит жасауға мүмкіндік беретін Каспий теңізі арқылы Иран Ислам Республикасына жүктерді жеткізу маршруттарының нұсқаларын талқылады. Давуд Тафтидің айтуынша, компания әрқайсысы 7 500 тонна жүк көтеретін 4 кеме сатып алған. Алдағы 2 жыл ішінде компания осындай 10 кемені жеткізуді жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, 2023 жылғы сәуір айында ҚР Премьер-министрінің Иранға сапары барысында Құрық пен Әмірабад порттары арасындағы тасымалдарды дамыту туралы келісімге қол қойылған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<