Жаңақорған: Кәсіпкерлік жандануда

352

0

Жаңақорған ауданында жыл басынан бері 57,4 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілсе, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 36,7 млрд теңгені құрап отыр. Сондай-ақ негізгі капиталға тартылған инвестиция 17,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеумбетов айтты.

Әкімнің айтуынша, жеке инвестициялар бойынша өсім негізінен Шалқия полиметалл кен орнын өнеркәсіптік игеру және кен байыту зауытын салу есебінен, уран өнімін өндіретін «Қазатомөнеркәсіп» мекемелері есебінен, күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U» ЖШС, «Санатория Жаңақорған» АҚ есебінен ұлғайып отыр. Сонымен қатар, ауданда 38 млрд теңгені құрайтын 10-ға тарта ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта іске қосылатын инвестициялық жобалар есебінен салық түсімдерін 4 млрд теңгеге жеткізу жоспарда бар.

Ауданда ерекше кәсіппен айналысушылар қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен қайтарымсыз грант алып, өз ісін дөңгелентіп отырған азаматтар баршылық. Жалпы ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласында 7 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,5 пайызға артық. Тиісінше, бұл саладағы белсенділік көрсеткіші 96,8 пайызды құраған.

– Өздеріңіз білетіндей, Жаңақорған – кез келген кәсіппен айналысуға ыңғайлы ауданның бірі. Осы себепті жыл сайын кәсіпкерлер қатары көбейіп, шығарған өнімдері басқа өңірлерге де жөнелтілуде. Аудан бойынша жыл басынан бері барлық қаржы көздерінен 230 жобаға 1 млрд 599 млн теңгенің қаржылай қолдауы көрсетілді. Мәселен, 2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба аясында жұмыспен қамту орталығы арқылы 100,6 млн теңгені құрайтын 73 жоба грант жеңіп алса, 131-не 1 млрд 200 млн теңгенің несиесі берілді. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алуға 3 млрд 400 млн теңгені құрайтын 505 жоба іріктелді. Ал бөлшек сауда көлемі 3 млрд 405 млн теңгеге жетіп, былтыр есепті кезеңімен салыстырғанда 111,9 пайызды құрады, – деді аудан әкімі.

Жаңақорған ауданы ауылшаруашылық саласы бойынша да өзгелерден бәсі биік екені байқалады. Салада жалпы өнім көлемі 101,2 пайызды құраса, биылғы жылы аудан бойынша 37 781 гектарға егiн егу межеленіп, жоспар толығымен орындалған. Қазіргі кезде 3151 гектар күздік бидай күтімге алынған, 15 439 гектар ескі жоңышқа суарылған. 5000 гектар жаңа жоңышқа, 194 гектар жаздық бидай, 30 гектар жаздық арпа, 260 гектар тары, 738 гектар жүгері, 2010 гектар мақсары, 46 гектар күнбағыс, 10 гектар қант құмайы, 3296 гектар картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілген.

–   Бекітілген күріш егу және суға бастырудың 5 күндік кестесіне сәйкес, 7607 гектар күріш егілді. Бұған қоса, 3151 гектар  күздік бидайдан 17 центнерден, 194 гектар жаздық бидайдан 15 центнерден өнім алынса, 1000 тоннаға жуық бақша дақылдары Ресей мемлекетіне экспортқа шығарылып, қалғаны басқа облыстарға жөнелтілді. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында қосымша 295 гектар жер ашылып, 845 отбасы картоп, көкөніс-бақша дақылдарын екті. Жалпы, ауданда 781 шаруашылық құрылымының 485-і егін егумен айналысады. Оның ішінде 234 шаруашылық күріш егеді, – деді аудан әкімі.

Биыл  ауданда 3 мектеп құрылысы жүріп жатыр. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі білім ошағының құрылысы басталды.

– Осы жылы Жаңақорған кентіндегі 600 орындық мектеп, Жаңарықта 300 орындық және Байкенжеде 150 орындық білім ұйымының құрылысы басталған болатын. Ал 2020 жылы іргетасы қаланған Жаңақорған кенті «МАИ бекетіндегі» мектептің құрылысын толық аяқтауға 348 млн теңге бөлінді. Қазір  бұл білім ошақтарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұдан бөлек, ауданда медицина саласына да көп көңіл бөлініп, халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында бірнеше жоба қолға алынды. Атап айтқанда, биыл Ұлттық қордан 292,4 млн теңге бөлініп, Қаратөбе ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториямен қатар 15 төсек-орынға арналған аурухана салуға арнайы жоба қарастырылды. Жоба құны – 966 млн теңге. Бұл жұмыстардың барлығы жүйелі түрде бақыланатын болады, – деді аудан әкімі.

Ал  аудан орталығындағы электр желілерін жаңғыртуға «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен былтыр 899 млн теңге, биыл 1 млрд 600 млн теңге бөлініп, бүгінде тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Аудан әкімінің айтуынша, былтыр облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес демеушілерді тарта отырып, 9 елді мекеннің электр желісін жаңғыртуға жоба жасалып, сараптамадан өткен. Жобалардың жалпы құны 2 млрд 300 млн теңгені құрайды. Аталған жобаны бастауға биыл республикалық, облыстық бюджеттерден 503 млн теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар  жыл басынан демеушілер есебінен тағы да 10 елді мекеннің электр жүйелерін жаңғыртуға жоба жасап, келер жылдың бюджетінен қаржы бөлдіру үшін салалық министрлікке бюджеттік өтінім тапсырылған. Жобалардың жалпы құны – 3 млрд 300 млн теңге.

Аудан әкімі сондай-ақ, тұрғындарға шаққандағы газдандыру үлесі 38,8 пайызды құрағанын, биыл сәуір айында Бірлік, Қыраш елді мекендеріндегі газ пайдалануға берілгенін айтты.

Жалпы биыл бюджеттерден 5 елді мекенді газдандыруға 2 млрд 900 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Бұған қоса, Төменарық, Шалқия, Құттықожа, Жайылма, Кейден ауылдарын газдандыру жұмыстары жүргізілуде.

–       Төменарық елді мекеніне жоғары қысымды таратылатын газ құбырын салу жобасы басталғанын көріп, ендігі кезекте сол аумақта орналасқан тағы 5 елді мекенді газдандыруға демеушілер есебінен жоба-сметалық құжаттары жасалынуда. Аталған жобалар толық іске асқан уақытта 13 елді мекен немесе 53 мыңға жуық тұрғын табиғи газдың игілігін көретін болады,– деді Мұрат Жолкелдіұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<