Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы

492

0

Кеше «Достық үйінде» «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атауымен облыстық байқау өткізілді. Оны облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Қармақшы жастары» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 178 жылдығына арналған шара барысында этнос өкілдері сайысқа түсті.

Байқауға Қызылорда қаласы мен аудандардан мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері қатысты. Бұл шара мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту және оны меңгерген белсенді азаматтарды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Қазір елімізде түрлі этностар тұрады. Сыр өңірінде де жергілікті ұлт өкілдерімен бірге бірлігі жарасқан, тату-тәтті өмір сүріп жатқан этнос өкілдері бар. Олардың арасында мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, оны дамыту жолында зор үлес қосып жүрген азаматтар аз емес. Бұл мақсатта тиісті іс-шаралар атқарылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халықтары ассамблеясында атап өткеніндей, елімізде тұратын барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі стратегиялық саясатымыздың басты бағытының бірі болып қала береді. Түптеп келгенде, бірнеше тілді білу әрбір адамның дүниетанымын кеңейте түседі. Сыр өңірінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бағытында тиісті жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, қазақ тілін білетін этнос өкілдерін насихаттауға көңіл бөліп келеміз, – деді басқарма басшысы.

Байқауға қатысушылар төрт кезең бойынша сынға түсті. Алдымен «Жұлдызды сәт» кезеңінде өнерін көрсете отырып, өзін таныстырып өтті. Ал «Сөздің көркі» кезеңінде Отан, елге қызмет тақырыптарында мақал-мәтел айтудан бәске түсті. Сондай-ақ, «Ой ұшқыны» кезеңінде үміткер Отан, туған жер, салт-дәстүр, белгілі тұлғалар жөнінде ой толғауға мүмкіндік алды. Байқаудың төртінші сатысында қатысушылар бес сұраққа жылдам жауап беріп, өзінің ой-танымын көрсете білді.

Олардың қабілет деңгейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аман Абасилов бастаған қазылар алқасы бағалады.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынға қызылордалық Елена Пак лайық деп танылды. Екінші орынға Жалағаш ауданынан келген Розанна Шамилова ие болса, үздік үштікті Вероника Русланова түйіндеді.

Облыстық байқаудың жеңімпазы 25 тамызда Петропавл қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.

«СБ» ақпарат    

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<