Қазақстанда қауіпті ауру түрлері еніп кетпес үшін не істеліп жатыр

69

0

Фото: ашық дереккөз

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті әлемде қауіпті түрлі індеттің таралуына қатысты еліміздегі нысандарда қауіпсіздік қаншалықты күшейтілгенін түсіндірді.

«Қазақстан аумағына жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу мақсатында профилактикалық және індетке қарсы іс-шаралар атқарылып жатыр. Әуежайлар мен шекара өткелдерін қоса алғанда, санитариялық-карантиндік пункттерде бақылау жұмыстары күшейтілді. Маймыл шешегі тіркелген елдерден келген азаматтарға назар аударылады. Инфекцияның таралуын болдырмау үшін Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегі бойынша эндемиялық елдерге сапарлауды жоспарлап отырған азаматтарды сақтық шараларын сақтауға шақырады», – делінген ведомствоның Kazinform агенттігіне берген жауабында.

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 16 тамыздағы «Тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялар және коронавирус инфекциясы бойынша 2024-2025 жылдардың эпидемиялық маусымына арналған санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу туралы» қаулысына сай медициналық ұйымдарда қызметкерлердің маска тағу режимі енгізілді.

Комитет мәліметінше, Қазақстанда адамдардың құс тұмауы ауруын жұқтыру жағдайы 2009 жылдан бері тіркелген жоқ. Шет елден келген азаматтарға міндетті термометрия өткізу тұрғысында шекарадағы санитариялық-карантиндік бақылау пункті тәулік бойы іске асырып жатыр.

«Қазақстанда маймыл шешегінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі инфекция елімізге еніп кетпес үшін тиісті шараларды қабылдады. Бұл індетпен күресте білікті мамандар жеткілікті. Аурудың таралуына жол бермеу мақсатында медициналық, зертханалық қызметтің және басқа да жұмылдырылған қызметтердің дайындығына мониторинг жүргізіледі», – деп аталып өткен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ақпаратында.

Жақында Премьер-Министр Олжас Бектенов маймыл шешегіне қатысты әуежайларда бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<