Ұлттық құрама спортшылары алғашқұы дайындықтарын өткізді

67

0

Фото: Қоғамдық даму басқармасы

Көкпардан ұлттық құрама спортшылары елордадағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін «Қазанат» ипподромында көкпар және көкбөрі спорттары бойынша дайындыққа кірісті.

«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көкпардан ұлттық құрама мүшелері сақадай сай. Біз Астанаға ертерек келіп, жылқылардың алаңға жылдам бейімделуіне жағдай жасап жатырмыз. Бүгін алаңмен таныстық. Сапасы өте жақсы. Әрине, дүбірлі дода өз жерімізде өтетін болғандықтан үлкен жауапкершілікті сезініп жатырмыз. Қолымыздан келгенін жасаймыз. Ең бастысы – көшпенділер ойындарында сәтті өнер көрсетіп, алтынға қол жеткізу», – деп атап өтті көкпардан ұлттық құрама капитаны Құрманбек Тұрғанбек.

«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында дайындығымызды пысықтау үшін Астанаға келдік. Ойын алаңы көңілімізден шықты, жылқыларға да өте ыңғайлы. Дайындық жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біз соңғы рет көкбөріні 2016 жылы ойнадық. Осыған дейінгі тәжірибемізді ескерсек, көкбөрі спортынан біздің жігіттер алтыннан үмітті», – дейді көкпардан ұлттық құрама мүшесі Ұлан Байтөреев.

Көкпар және көкбөрі спортынан сайыс қыркүйектің 9-ы мен 12-сі аралығында елордадағы «Қазанат» ипподромының аумағында өтеді. Әр спорт түрінен 12 қатысушы болады. Еске сала кетейік, Республикалық «Көкпар» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.

Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі – Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<