ҚОР ҚЫЗМЕТІ ҚОЛЖЕТІМДІ

348

0

«БЖЗҚ» акционерлік қоғамы Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлағандай, «БЖЗҚ барлық салымшыларға қолжетімді» атты ашық есік күні өтті.  Бір ерекшелігі,  шараға бұл жолы салымшылармен бірге жоғары сынып оқушылары мен студенттер арнайы шақырылды. Филиал директоры Арнұр Құрманғали атап өткендей, қор өскелең ұрпақтың арасында қаржылық сауаттылық пен зейнетақыны жоспарлау дағдыларын қалыптастыруға ерекше мән береді.
– Бүгінде зейнеткерлер зейнет­ақысының негізгі бөлігін мем­ле­кеттік бюджеттен алатын болса, қазіргі оқушылар мен студенттердің зейнетақы көле­мі келешекте негізінен олардың өздерінің аударған жинақ­тарына байланысты болады. Сон­дықтан оларды мектеп та­бал­дырығынан бастап зейнет­ақыны жоспарлауға үйретуіміз керек, – дейді филиал жетекшісі.  
 Шараға қатысушылар қор қызметтеріне қалай жүгінуге болатындығымен және  кеңес алу жолдарымен танысты.  
Зейнетақы қызметтерінің қол­жетімділігі – Бірыңғай зей­нетақы жинақтаушы қорының басым бағыттарының бірі. Бү­гінде Қор қызметтері елі­міз­дің барлық тұрғындарына дер­лік қолжетімді. Нақты кезең­де республиканың бүкіл аймақ­тарында 216 дербес қызмет көр­сету орталығы жұмыс іс­тейді. Көшпелі қызмет тиімді ұйымдастырылып, мүмкіндігі шек­теулі азаматтарға мобильді агенттер қызмет көрсетеді. Саланы жетілдіру үшін барлық өңірлік филиалдарда терминал­дар, 10 қалада ақпараттық дүң­гіршектер орнатылған. Соны­мен қатар көптеген қызмет түрлері enpf.kz сайты, egov.kz электрондық үкімет сайты және биыл іске қосылған telegram-бот арқылы да қолжетімді. Са­лым­шыларға кеңес беру үшін 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығы жұмыс істейді. Тол­ғандырған сұрақтарды аталған Қор төрайымының блогына немесе әлеуметтік желілердегі парақшаларға жолдауға болады.
– Қор қызметтерінің 80 пайызы қазір қашықтықтан элект­рондық түрде қолжетімді. Осы­ның арқасында кеңсеге келіп, кезек күтпей-ақ, интер­нет арқылы немесе ұялы теле­фондардың кез келген опера­циялық жүйесіне бейімделген ENPF ұялы қосымшасы арқылы қызмет алуға болады. Бұл салымшылар мен алымшылардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді,– деп атап өтті филиал директоры.  
Қор өкілдерінің айтуынша, электрондық тәсілмен міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын есептеу жөніндегі жеке зейнетақы шоттарын ашуға, жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы хабарлама алуға, деректемелерді немесе ЖЗШ жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілін өзгертуге және т.б. қызметтер алуға болады. Сондай-ақ, Қор сайтында болашақ жинақтар мен төлемдердің шамалас мөлшерін есептеуге арналған зейнетақы калькуляторы бар.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<