МЖӘ: өркенді бизнес, сапалы қызмет кепілі

317

0

 Мемлекеттік-жеке әріптестік – бүгінде ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, бизнесті мемлекетпен бірлесе дамытуға септесетін үлкен жобалардың бірі. Бюджеттің қарымы жете бермейтін, әсіресе, маңызы зор әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту Елбасы бастамасымен жүзеге асырылуда.

Осы орайда Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның бірі де жекеменшік медицина са­ласын дамыту. Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында көптеген жобалар жүзеге асырылғаны белгілі. Облыста мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік аясындағы алғашқы ме­дициналық нысан  – «ALEXEY SULTAN AKHMEТ» ем­ханасы 2017 жылы ашылды. 

Ауысымына 400 келушіге арналған емхана 38 мыңнан астам тұрғынға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Емхана құрамында 32 төсектік күндізгі аурухана, зертханалық бөлім, гинекология, функционалдық диагностикалық бөлімдері бар. Емхана соңғы үлгідегі меди­циналық құрал-жаб­дықтармен жабдықталған.

– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылған емхананың өзге емханалардан айырмашылығы, мұнда соңғы үлгідегі заманауи құрыл­ғылар орнатылған. Ондағы мақсат – тұрғындарға тегін ме­дициналық кө­мектің кепіл­дендірілген тү­­рі бойынша сапалы қыз­меттер көрсету. Сонымен бірге ақылы негізде де қыз­мет­тер көрсетіледі,– дейді ем­хана директоры Алтынкүл Қосмұратова.

Расында, ем­ханада ауруды ерте анықтауға және дәл диаг­ноз қоюға мүмкіндік бере­­тін заманауи құрылғылар бар­шылық. Мәселен, ультра­­ды­быстық зерттеу каби­не­тіндегі УДЗ құрылғысы жо­ғары эксперт санатты 3d-4d форматты құралдардың соң­ғы модификациясы болып та­былса, маммография, рент­ген аппараттары да дертті дәл анықтауда маңызға ие. Сонымен бірге мұндағы ЛОР комбайны мен құрал-саймандарды за­рар­сыздандыруға арналған соңғы үлгідегі швейцариялық DGM қондырғысы да өзге емханаларда кездесе бермейді.

Сондай-ақ, емханада ме­ди­циналық көмектің қолже­тім­ділігі мен сапасын арттыру үшін мамандар біліктілігін көтеруге де мән беріледі. Оған қоса ақпараттық технологияларды қолдану аясын кеңейту ар­қылы қызметкерлердің қағаз­бастылығын азайту, сол ар­қылы науқастарға көп көңіл бөлу мақсатында «қағазсыз құжат айналымына» көшу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Мемлекеттік-жеке­­шелік әріптестік аясында айма­ғымызда, тіпті республикада алғаш болып ашылған «ALEXEY SULTAN AKHMEТ» емханасы алдағы уақытта да тұрғындар саулығын қорғау бағытында еңбек ете бермек.

Айта кету керек, облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының дерегіне сүйенсек, биыл салада мемлекеттік-жеке­­шелік әріп­тестік шең­берінде жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылуда. Тұр­­ғындарға медициналық қыз­мет­тің қолжетімділігін арттыру, материалдық-техни­ка­лық базаны жақсарту мақсатында алдағы уа­қытта 1 емхана ашылып, 9 дәрігерлік амбулатория құры­лысы жүр­гізіледі және құрал-жабдықтар сатып алу үшін 3 жоба атқарылады деп жоспарлануда.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<