Ұлт өнерін жарқыратқан – «Жыр мұра»

493

0

Биыл облыста Сыр сүлейлерінің мақам-саздарын жаңғырту, жыр-термелердің жаңа тынысын ашу үшін «Жыр мұра» жобасы басталды. Жобаның жоспары нақты, жұмысы жүйелі, алғашқы жетістік те көңіл қуантады. Ұлттық өнер жанашырларының қатысуымен өткен «Жыр мұраның» ашылу семинарында алдағы мақсат пен ұсыныстар талқыға түсті.

«Диірменнің үстіңгі тасын мың айналдырсаң да, астыңғысы бір айналмайды». Мұндағы үстіңгі тас алмағайып дүние болса, астыңғысы халықтың тегі, мыңжылдық мұра – ата дәстүрі. Ұлттың өзгеге қиып бере алмайтын, басқалар тартып ала алмайтын баға жетпес байлығы да – осы. «Жыр мұра» бұл байлықты елге жарқыратып ұсынудың жолын қарастыруда.

Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова өткен жылғы айтулы жаңалық – Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгенін атап өтіп, ендігі міндет Қорқыт күйі мен аңыздарын жүйелі түрде насихаттау екенін еске салды.

–    Облыста Жыраулар үйі Арал, Қармақшы, Шиелі аудандарында ғана бар, ал Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында жыр мектептері әлі қалыптаспаған. Сондықтан, ендігі жоспар – «Жыр мұра» жобасы аясында аталған төрт ауданнан жыр мектептерін, облыс бойынша 14 қобыз үйірмесін ашып, осылайша жыр әлеміне жаңа есімдерді таныту, – деді ол.

«Жыр елі» десе ұлт мұрасын ұлықтаған жұрт еске түседі. Басқарма басшысы өткен жылы тәуелсіздік күніне орай, Елбасы қатысуымен өткен мерекелік шарада 30 қобызшы Сыр елінен арнайы шақыртылғанын да атап өтті. Сондықтан, биыл облыстық филармония жанынан қобызшылар ансамблі құрылып, барлық мәдениет үйлері мен клубтарда қобыз үйірмелері ашылып, Қорқыт мұрасын насихаттау бағытында стендтер дайындалады.

– Жыл сайын облыстық, рес­публикалық, халықаралық дең­гейде қобызшылар конкурсы өткізіліп, түркі әлеміне ортақ тұлға Қорқыт туралы фильм, анимациялық туынды дайындалса, құнды мұраның бағасын биіктетіп, келер ұрпаққа жеткізер едік. Сондай-ақ, баба күйлері мен аңыздарын жас ұрпаққа таныту, дәріптеу мақсатында мектептің оқу бағдарламасына факультативтік сабақтар енгізу туралы және 2021 жылды облыста Қорқыт жылы деп белгілеу жөнінде ұсыныс бермекшіміз, – деді Мира Әбуова.

Жоба аясында шеберлік дәрістерін өткізу үшін есімдері елге белгілі жыраулар – Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Берік Саймағанбетов, Майра Сәрсенбаева, Руслан Ахметов, Серік Жақсығұлов, Айдос Рах­метов аудандарға жол тартпақ.

«Жыр мұраның» қорытынды шарасы – ауқымды гала-концерт. Ұлттық өнер кешінде халық арасынан жинақталған жыр-тер­мелер елге ұсынылып, қобыз үйірмелерінің шәкірттері өнер көрсетеді.

Ал жобаның алғашқы нәтижесі – ел ішінде танылмай жүрген талантты өнерпаздардың орындауындағы жыр-термелердің жазып алынуы. Осы мақсатта жыл басында «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция облыстағы 7 ауданды аралап, құнды мұраны жинақтап, жазып алу ісіне кіріскен болатын.

Айталық, экспедиция бары­сында Арал өңірінен атақты Дәріғұл жыраудың шәкірті Берекет жыраудың орындауындағы 40 минуттық  мақам саз, Үмбетәлі жыраудың баласы Тәжібай, Жұбатов Қызылбай жыраудың баласы Мықтыбай, Үркімбаев Дайрабай ақсақалдардың әңгі­мелері және осы өңірдегі жыршы-жыраулардың терме толғаулары жазылып алынған.

– Қармақшы ауданындағы сапарымыз жеті атасынан жыраулық өнерді жанына серік еткен Жиенбай жыраудың ұрпағы Бидас Рүстембековтің тұшымды әңгімесінен басталды. Сонымен бірге, Тәйімбет Көмекбаев ауылының ақсақалы Әлиакпар әкемізден осы өңірден шыққан Сыр сүлейлерінің өмір тарихы туралы әңгімелері, Тұрмағамбет ауылының тұрғыны Қалидулла Сағыновтың жеке мұрағатынан ескі мақам-саздар жазылған таспалар алынды, – деді жоба бастамашысы, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы «Дәстүрлі өнер» секторының меңгерушісі Майра Сәрсенбаева.

Алдағы уақытта ел арасынан жинақталған бұл мақам-саздар студияда өңделіп, әдістемелік құрал ретінде жыр мектептеріне ұсынылмақ.

Сондай-ақ, жиын барысында мәдениет саласының ардагері Байнияз Тілепов, Қазанғап атындағы музыкалық колледждің оқытушысы С.Пұсырманова, Қармақшыдағы Қ.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің директоры С.Жақсығұлов, жырау Шолпан Бимбетова хабарлама жасап, ұсыныстарын жеткізді. Ал семинардың соңы жыр мектептерінің тәжірибе алмасу бағытындағы ашық сабақтарына жалғасып, кішкентай өнерпаздар «Қорқыт» күйлерін күмбірлетті. 

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<