Асыл тұқымды мал шаруашылығы

660

0

Асыл тұқымды мал шаруашылығы – сапалы және таза мал тұқымы өсірілетін ауыл шаруашылығының бір бөлігі.

Мұндай мал тұқымдарына арнайы күтім мен құнарлы өнімдер қажет. Асыл тұқымды түліктерді өсіретін арнайы асыл тұқымды мал зауыттары да бар. Онда арнайы мамандардың жұмыстары арқылы қажетті мөлшердегі құнарлы тағамдар, жем-шөп беріліп, күтім көрсетіледі. Малдың жаңа тұқымдарын шығару және оларды жақсарту тәсілдері арқылы сұрыптау жасалады. Бұл арқылы малдың өнімділігін және түрлі ауруға төзімділігін арттыруға, тіршілік мерзімін ұзартуға, қазіргі өндіріс технологиясына бейімдеуге әбден болады. Асыл тұқымды мал өсіретін зауыттардың негізгі міндеттері: барлық мал басының санын сапалы түрде арттыру, жаңа зауыттық тип, аталық іздер мен аналық ұялар құру, тұқымның генетикалық мүмкіншілігін арттыру; өсірілген жоғары сапалы мал тұқымымен зауыттардың өздерін, мемлекеттік асылдандыру стансаларын және асыл тұқымды шаруашылықтарды қамтамасыз ету. Мал зауыттарында асылдандыру тек ғылым негізінде орындалады, зауытта тек таза тұқым өсіру жұмысы іске асырылады. Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының да өзіндік ережелері мен атқаратын жұмыстары бар. Олардың міндеттері: шаруашылықтағы барлық малдың өнімдік және тұқымдық қасиеттерін күшейту; өндірістік шаруашылықты және фермаларды қажет уақытында мал төлдерімен қамтамасыз ету. Елімізде жыл өткен сайын асыл тұқымды мал басы артып келеді. Сандардың өсуіне астық өнімдерінің артуы, жұмысшылар санының көбеюі және бұл салаға қызығушылығы көп жандардың бар екендігін көрсетеді. Мемлекет тарапынан тұрақты қолдау нәтижесінде республиканың барлық өңірлерінде асыл тұқымды мал шаруашылықтары бар. Асыл тұқымды ірі қара малды өсірумен айналысатын тауар өндірушілер  тиісті тұқым бойынша Республикалық палатаны немесе тиісті тұқым бойынша республикалық палата ұсынған жеке және заңды тұлғаларды консалтингтік сүйемелдеуі қажет.

Асыл тұқымды мал шауашылығында, әсіресе ірі қара мал өсіруде басым бағытты етке бөледі. Бұл шаруашылықта – шағылыстыру контингентін ұрпағының сапасы бойынша бағаланған асыл тұқымды тұқымдық бұқалардың ұрығымен қолдан ұрықтандыруда пайдаланылады.Ет бағытынан соң сүт шаруашылығына да көңіл бөлінеді. Сүтті мал шаруашылығында – шағылыстыру контингентін ұрпағының сапасы бойынша бағаланған тұқымдық бұқалардың ұрығымен 100 % қолдан ұрықтандыруда пайдалану қажет. Асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуы әрқашан мемлекеттің назарында болып келеді.

Д.Ибрагимов,

ҚазҒЗВИ Қызылорда ғылыми-зерттеу ветеринария стансасы

филиал меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының кандидаты,

С.Қызылбаев, аға лаборант, ветеринария ғылымдарының магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<