Кісілігінен кішілігі биік

882

0

Ертеде ақылымен ел-жұртын тәнті еткен бір данагөй кісі: «Жақсы адамның қасында жүру базарда иіссу сататын кісінің жанында тұрумен бірдей. Қасында ұзағырақ тұрған сайын рахат сезіміне бөленесің», депті. Салыстырмалы, бейнелі түрде айтылған әдемі теңеу. Өмір пәлсафасына тереңнен үңілген сайын оның қарапайым қағидаттарына барынша бойлай түскің келеді. Сол өмірдің тұңғиығына енген сайын жоғарыда айтқандай, игі жақсылардың қасында жүре берсем деген құштарлық пайда болады өз болмысымда. Бұл енді үлкендікпен бірге келетін қағида сияқты. Осы тұрғыда «Қартайған шал елде көп, ақсақал болу тым қиын» деген өмірлік ұстанымды қайда қоясыз? Әлгі айтылғандардың барлығы мен әңгімелеп отырған, бүгінде  80-нің сеңгіріне толған Жәнібек ағамның болмысына толығымен сай келеді.

Ағамның өз талғамына салсаңыз, өмір жылжыған сынап секілді. Дұрысы байқалмайды, сездірмейді, енді, міне, үлкендіктің үлкен белесін еңсеріп тас­тапты.

Ол кісінің пайымынша, бұрынғылар басыңнан бақ ауса, алпыс күн тасыған дария алты күнге жетпей таусылады дегенді не үшін айтқан? Бұл орайда сол бұрынғының ақылды кісілері бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам дегенді бекер айтпаған сияқты.

Жәнібек аға өмірді тау өзенінің екпініне теңейді,  ағысы қатты, бұлтарысы, қалтарысы көп, игере алмасаң, басың тасқа соғып мерт боласың немесе әрі кеткенде жағаға қарай лақтырып тастайды. Осы ой байламы тұрғысынан келгенде тағдырына өкінбейді. Ел қатарлы өмірдің қызық-шыжығын көріп келеді. Қиындықтар да, қызықты сәттер де бастан өтті. Қиындыққа мойымай, оны жеңуге деген талпынысы бекерге кетпепті, несібесіне бұйырған өмір қызығын ағайынмен, дос-жаранмен, құда-жекжатпен бөлісіп дегендей көріп жатқан жайы бар. Ең бастысы, бүгінгідей дүрбелең заманда ел аман, жұрт тынышта, басың аман, бауырың бүтін кезде зейнетке шығумен шектелмей, ондаған жылдар бойы оның зейнетін көруден асқан бақыт бар ма?

Ойынша, шүкіршілік пен қанағат өзін бүгінгі бақытты жағдайыма жеткізген тағдыр кілті деп ойлайды. Облыстың белді автокөлік кәсіпорындарында ұзақ жыл басшылық қызметтер атқарды, білікті де білімді басшылар қатарында болды. Абай айтқандай, бәйгеге қосқан аты алдында келсе, күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанатын ақкөңіл қазақтың бірі болды.

Жәкең – ұзақ жылдан бері облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ардагерлер кеңесінің төрағасы. Саланың қыр-сыры, ерекшеліктері әу бастан өзіне жақсы таныс. Автокомбинатта директордың орынбасары, «Трансагенство» кәсіпорнын, Қызылорданың шыж-быжы көп такси паркін басқарды. Қызметте колонна бастығынан бастап біртіндеп сатылап өсті. Жылжып жылдар өтті, зейнетке шығып, әркімге жалтақтап алақан жаймай, кәсіппен айналысты. Абыройсыз болмапты.

– Тоқсаншы жылдардың бас кезінде, – деп еске алады Жәнібек аға, қолымда жеңіл автокөліктің қосалқы бөлшегі бар аялдамада автобус күтіп тұрғанмын. Қасыма бір «Джип» тоқтай қалды. Жүргізуші жас жігіт «отырыңыз аға», – деді. Көңілді жігіт зулаған көлікпен бірге әңгімесін ағытып келеді. Анда-санда маған көз тастап, сүйіспеншілігін сездіріп қояды.

– Білесіз бе, аға, сіз сонау 80-жылдары маған үлкен жақсылық жасадыңыз. Қоймаға келген КамАЗ-дың жаңа моторын автобаза басшысы өзінің қалаған адамына беріп тұрғанда, сіз шыр-пырыңыз шығып маған бергіздіңіз. Ойхой заман-ай, жетпейтін, атпен шауып барсаң да жеткізбейтін уақыт еді.  Сол жаңа мотормен зырылдаған көлік айдап, бала-шағамды асырадым. Олар сіздің арқаңызда ер жетті, өмірден өз орындарын тапты. Сізге өмір бойы қарыздармын.

Қайсыбірі есте қалсын, Жәкең сол жолы өзінің ерекше толқыныс сезімінде болғанын айтады. Бір жекжаттығы жоқ әлгі жігітке не үшін көмек берді? Дұрысын айтқанда, ол адал шопыр еді. Уақытпен санаспай еңбек ететін. Жәкең сол еңбексүйгіштігі үшін берген марапаты ғой.

Бүгін өмір өзгерді. Ағамыз сол өмірдің қазіргі болмысына деген ішкі қыжылын жасырмайды. Жақсылық емес, жамандық сұрыпталатын болды. Қабілетің дәріптелмейді, қабілетсіздігің марапатталады, білімің емес, біліксіздігің бағаланады, табандылығың емес, тайғанақтығың таңдандырады. Мұндайды Платон «Ақылда да, надандықта да шек жоқ»  деген ғой.

Ағамның қазыналы сөздер жинақталған кітаптарды көп оқитынын білемін. Әлгі айтқан заман өзгерісін кезінде Гумилев те, Майқы би де айтыпты, қалай дәл болжаған дейді. 

Өмір Жәкеңнің пайымдауынша, бірнеше кезеңнен тұрады: Бірінші кезең – балаң кезең. Бұл – ата-анаң аялы алақанымен, үлкендердің қамқорлығымен, айналайынымен өтетін балалық бал дәурен шақ. Бірақ ол кісінің балалық бал дәурен кезеңі ойдағыдай өтті деудің қисыны келмейді. Қала іргесіндегі Бірқазан ауылында, оның маңындағы шағын «Жаңатұрмыс» колхозындағы халықтың тұрмысы тым жүдеу тартатын. Сол таршылыққа енді тағдырдың салған көлденең нәубеті қосылды. Таршылықтың өрісі одан сайын тарылды. 1944 жылы теміржол жұмысының бар бейнетін біркісідей көтерген әкесі Нұрқыш науқастанып, қайтыс болды. Сол ауыр қасіретті кезеңде ағасы Жәнәбіл онға толмаған, өзі және өзінен кейінгілер сәби жасындағылар еді. 37 жасында жесір қалған анасы Ақсұлуға деген Жәкеңнің балалық махаббат сезімі бүгінге дейін әлі басыла қоймапты. Анасының ерлігіне тәнті, ағайын-жекжаттың «мыналарды жеткізе алмайсың, балалар үйіне өткіз» дегеніне қайсар ана төзімділігін қарсы қойды. Тіпті сол сөзді айтқандармен ара қатынасы ұзақ жыл суып кеткенін де әлі ұмыта қоймапты.

Анасы туралы Жәкең бұл күндері былайша тебіреніспен еске алар еді. 1976 жылы науқастанып жатқанда төлқұжатындағы суретін қабырғаға үлкен портрет етіп ілуге лайықтап шығарып алып келіп өзіне көрсетеді. Жасы 50-ге жақындаған жігіт ағасы ана үшін бала ғой, сонда таңырқап: «Қарағым-ау, мені Ленин дейсің бе, соншама үлкен сурет жасағаның не?» – дейді көзі жасаурап. Не деген қанағатшыл, шүкіршіл адам десеңізші?! Сол сурет бүгінге дейін қабырғада ілулі тұр.

Соғыстан кейінгі ауыр жылдары біз баламыз, Белкөлдегі разъезде анама көмектесемін. Көргенім – сол бейнет. Бірақ үлкендерді сыйлаймыз, алдары­нан «ағалап», «көкелеп» жүгіріп шығамыз.

Айта берсе, осының бәрі таусылмайтын жыр секілді. Нан табудың қия­мет-қайымы және бөлек. Қаладан дәрі-дәрмекке қажетті шикізатты жинауға ауылға арнайы адамдар келеді. Итсигек деген шөп ем-домға табылмайтын көрінеді. Ауыл балалары дала кезіп кетеді. Шөп жинайды. Таңертеңнен кешке дейін жинағанда кепкен шөп титімдей болып қалады. Беретіні – тиын-тебен. Әйтеуір талғажау етуге жарайды.

Ауылдық мектептен кейінгі оқу қаладағы интернатта жалғасты. Кейін әскер қатарына шақырылды. Осында дайындық курсынан өтіп, Өскемен жол-көлік институтына жолдама алды.  Жолы болды. Оқу орнын ойдағыдай бітіріп, еңбекке араласты.

Жәкең облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ардагерлер кеңесі төрағасы ретінде қадау-қадау жұмыстар атқарды. Кеңес дүниесі кезінде бұл салада 6 мыңнан астам жұмысшы-қызметкер еңбек ететін. Өткен жылы саланың 80 жылдық тарихына байланысты үлкен тарихи мемуар жазды. Бүкіл ауданнан дерек жинады, ардагерлермен әңгімелесті, бюджеттің қаржысына емес, кәдімгі тасымалдаушылардың өз қаржысынан үлкен жұмыс тындырды. Басқарма басшылығы тарихи дерекке құрылған еңбекке ризашылығын білдіріп, ол облыс әкімі тарапынан қолдау тапты.

Жалпы Жәкең бүгінге дейін қоғамдық өмірге белсене араласады. Жалақы сұрап, міндетсінбейді. Кісілігінен кішілігі басым. Сол үшін басшы інілері құрметтейді, алдынан кесіп өтпейді. Өзімен замандас әріптестері Баянбай ағасымен, Баймұратпен, Жаханмен, тағы басқалармен қатынасын үзбей араласады. Бұрынғы автотранспортшылар әулеті ол үшін басқалардан қымбат. Қазақта: «Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды» деген қанатты сөз бар. Жәкең бүгінде тағдыр қосқан жұбайы Бақытпен жарты ғасырға жуық ұлағатты, өнегелі ғұмыр кешіпті. Бірнеше баладан оншақты немере-шөбере сүйген. Олар «аталап» алдынан шыққанда көңілі тасып сала береді.

Бұл енді Жәкеңнің шынайы бақыты шығар…

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<