Өзен – өлкенің өмір өзегі

845

0

Бүгінгі дарияның кейпі талайдың талқысына түсіп тұр. Олай болуы заңдылық. Жергілікті жұрттың алаңдаушылық білдіруі тектен-тек емес. Өйткені, өңірдің тағдыры осы өзенге тәуелді. Күзгі егін-терім науқаны мәресіне жетті. Жылдағы жағдай бойынша бұл уақытта дария деңгейі біршама көтеріліп қалатын еді.  Биыл алаңдатарлық күйде. Сауал көп, мәселе қалай шешіледі?

Сырдағы басты дақыл – күріш. Табаны ала жаздай судан босамайтын дақылға қажетті мөлшерде су жеткізілмесе, еңбегің еш, тұзың сор болады. Рас, биылғы жылды елдегі еңбекшілір әупірімдеп жүріп өткізді. Облыс басшылығының атқарған жұмыстарының нәтижесінде күріш судан қалған жоқ. Мамандар тарапынан суды үнемді пайдалану технологиясына мән берілді. Былтырғыдан күріш егісінің көлемі біршама қысқарды. Алайда ендігі тығырықтан шығатын жол қайсы?

«Арал-Сырдария» бассейіндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов брифингте атап өткендей, Сырдария трансшекаралық өзен болғандықтан жылына екі рет судың көлеміне және пайдалануына байланысты халықаралық комиссия отырысы өткізіліп, сан алуан түйткілдер таразыға түседі. Биыл Сырдария арқылы Қазақстан аумағына сәуір мен қыркүйек айларында 4 млрд текше метр су келуі керек деп болжанған еді. Өкінішке орай бұл жоспарды толықтай орындаудың сәті келген жоқ. Оның 60 пайызы ғана ел аумағына жетті.

– Бұл қазақстандық шаруалар тіршілігіне кері әсерін тигізді. Түркістан және Қызылорда облыстарының егін шаруашылығына су жеткізу мақсатында барлық мүмкіндік қарастырылды.  «Шардара» су қоймасы ең төменгі шегі 650 млн текше метрге дейін төмендетілді. Ал «Көксарай» су реттегіші толық пайдаланылды. Қазір елімізде егін-терім аяқталып қалды. Соған қарамастан су деңгейі көтерілмей тұр. Жоғарыдан келіп жатқан су аз. Салдарынан «Шардарадан»  төменге тастайтын су 30 текше метрге дейін азайған. Қазіргі уақытта облыстың шекарасынан бар болғаны 60-65 текше метр өтуде, – дейді ол.

Кейінгі жылдары әлемде климаттың жылыну жағдайы жаһандық деңгейдегі мәселеге айналды. Бұл құбылыс болашақта орны толмас апатқа соқтыруы мүмкін екенін де сарапшылар алға тартып отыр. Алысқа бармай-ақ Қырғызстандағы мұздықтардың еру жағдайына назар аударып көрелік. Орта Азиядағы мұздықтардың шамамен 45 пайызы Қырғыз елінің аумағында жатыр. Демек, бұл – осы атыраптағы елдің ойланатын мәселесі.

Орта Азияда халық саны жылдан жылға артып келеді. Сала мамандары осы кеңістікте орналасқан Сырдария мен Әмударияның суы қажеттілікті қамтамасыз етуге толық жетпейтінін айтады. Себебі, өзендер бойындағы халықтың негізгі өмір сүру көзі суармалы жерден алынатын өнімге тікелей байланысты.

Сырдария өзені Орта Азияның Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттері арқылы Қазақстан аумағына келіп жетеді. Ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын өзен бо­йында қаншама көлемде егін егіледі. Өзге де мақсаттарға жұм­­салады. Қырғызстандағы «Тоқ­тағұл» су қоймасының сыйым­­дылығы 19 млрд текше метрге лайықталған. Қазір онда небәрі 12 млрд текше метр су бар. Жағдай осындай сипат алып тұрғанда  дария­ның төменгі бөлігіндегі өзге су қоймаларының ахуалын бағам­дауға аса ақылдың қажеті жоқ.

«Шардара» су қоймасынан төменгі ағысқа жіберілетін су қыркүйек айында небәрі 30 текше метр болған. Қысқасы, тығырықтан шығу жергілікті жерде шешіле бермейді. Бұл – мемлекетаралық мәселе. Осыған байланысты облыс әкімдігі тарапынан тиісті ұсыныстар жасалған. Нәтижесінде жаз айларында Тәжікстан аумағынан Қызылорда облысының суға сұранысын қанағаттандыру мақсатында 300 млн текше метр қосымша су бөлінген еді.

Қазіргі уақытта облыс әкімдігі тарапынан ҚР Премьер-Министрі­не және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерімен Сырдария өзені­нің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі бойынша келіссөз жүргізу жөнінде ұсыныс жолданды.

– Алдағы уақытта комиссия отырысында 2021-2022 жылдардың вегетацияаралық кезеңінде мемлекеттердің су алу лимиттері мен «Нарын-Сырдария» су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимі талқыланады. Айта кетерлігі, 18 қазаннан бас­тап «Шардара» су қоймасынан төменгі ағысқа босатылатын су секундына 50 текше метрге артты, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысы Бауыржан Шәменов.

Кейінгі жылдарда облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мәселесіне назар аударылды. Биыл облыста 188  мыңнан астам гектарға егiн егілсе, күріш 84,4 мың гектарды шамалады. Оның орнына суды аз қажет ететін дақылдар 9,8 мың гектарға дейін артты. Майлы, көкөніс-бақша дақылдарына мән берілуде.

Осыдан 15-20 жылдай бұрын облыста 60-65 мың гектар күріш егілген болатын. Әрине, аталған дақыл ерекше күтімді қажет етеді. Қыруар шығын жұмсалады. Егін көлемін кеміткен жағдайда диқандардың табыс табу мүмкіндігі, жер жағдайы қалай болады? Бұл жағы да барынша мұқият сараптауды қажет етеді.

Қызылорда облысында бүгінге дейін бірде-бір су қоймасы жоқ. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануда көп қиындық алып келді. Жергілікті мамандар осыған орай бірнеше жоба ұсынды. Солардың арасынан «Қараөзек» су қоймасы қолдау тапты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында еліміз бойынша су жүйелерінің ескіргені, соның салдарынан жер үсті су қорының 40 пайызы далаға кетіп жатқаны айтылған болатын. Сонымен, 2025 жылға дейін республика бойынша 9 су қоймасын салу жоспарланды. Сол су қоймаларының бірі «Қараөзек» арнасы бойында орналаспақ. Сыйымдылығы 775 млн текше метрге жуық.

Мамандардың есебінше, су қоймасы арқылы Қараөзек көлдер жүйесіне су жіберіліп, шабындық-жайылымдық алқаптар ретке келтіріледі. Оған қоса Қазалы ауданының егіндік жерін суландыру мәселесіне септігін тигізеді. Жобаның жалпы құны – 1,9 млрд теңге. Су қоймасын іске қосу арқылы суармалы жерді, көлдерді, шабындық пен жайылымды нәрлендіруге болады. Көлдер жүйесіндегі суды жинақтап ұстап тұру үшін «Қараөзек» арнасының «Байгелді», «Картонкомбинат», «Қожатай» су тоспаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ол бойынша 14,3 шақырым бөгет, 4 шақырым канал қазу және өзге де жұмыстар жасалады.

Қысқасы, дарияның бүгінгі жағдайына қатысты мамандар пікірі осындай. Су азайған жерде тіршіліктің күйі қалай құбылатыны тәптіштеп жататын мәселе емес. Ендігі жерде осы жағдайдан шығудың қам-қарекетін көздеген ұсыныстар оң шешілеріне үміт зор.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<