Болашақ мейіргерлер шешімі

876

0

Кеше 12-18 жас аралығындағы балаларға «Pfizer» вакцинасын егу басталды. Алғашқы болып Қызылорда медициналық жоғары колледжінің 70 студенті ата-аналарының келісімімен вакцина салдырды. Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов қатысты.

− Дүниежүзілік Денсаулық сақ­тау ұйымы ұсынған «Pfizer» вакци­насының ерекшелігі – оның құрамында вирус болмай­ды. Бүгінде барлық емханалар­да дайындық жұмыстары пысық­­­талған, − деді Жангелді Мырза­гелдіұлы.

Аймақтағы медицина мамандарын дайындайтын іргелі оқу орны да әзірлік жұмыстарын жүргізген.

Қызылорда медициналық жо­­ғары колледжі дирек­торы­­ның орынбасары Бақыт Егіз­­бай­қызының айтуынша, студенттерге пандемия уақытында вакци­нациялаудың маңызы, оның құрамы туралы толық ақпарат беріл­ген. Топ сағаттары, мамандармен кездесулер ұйым­дастырылды. Ата-аналармен zoom арқылы жиналыс жасап түсіндірме жұмыстарын жүр­гіздік. 70 ата-ана келісім берді. Оқу орнында 14 жастан асқан 9, 15 жастағы 316, 16 жастағы 424, 17 жастағы 413 студент бар. Меди­ци­налық мамандықта оқып жатқан соң студенттерге вакцина салдыру ту­ралы шешім қабылдау қиынға соқ­пайды деп ойлаймын, − деді ол. 

Зәуре Сәдуақасова мейіргер ісі мамандығында 3 курста оқып жүр. Вакцина, салдыруға өзі шешім қабылдапты. Оған ата-анасы да қолдау білдірген. Ол бірінші медициналық тексеру кабинетіне кірді. Жалпы тәжірибелі дәрігер Мөлдір Абдул­лаева мен спикер-эпидемиолог Райхан Каметова бақылап, дене қызуын, қан қысымын өлшеп, денсулығына қатысты сұрақтарын қойып, анкета толтырды. Дәрігерлердің шешімінен соң №1 емхананың мейіргері Анель Кеңесбай Зәуреге «Pfizer» вакцинасын салды. Студентке үш күн инъекция орнына су тигізбеу керегін, ыстығы көтерілсе парацетамол ішіп, екпенің орны қызарса да ештеңе жағуға болмайтынын, жазылып кететінін түсіндірді. Дәрігерлер бақылауынан соң Зәуренің жағдайын сұрадық.

− Жағдайым жақсы. Бас айналу, жүрек айну секілді белгілер жоқ. Вакцина салдыруға өзім шешім қабылдадым. Болашақ мейіргерлер вакцинадан қорықсақ, өзге жұрт қалай салдырады? Сақтық қажет. Сондықтан өзімнен бастайын дедім. Ата-анам да менің шешіміме қарсылық білдірмеді, − дейді ол.

«30 минут бақылау» бөл­месінде тынығып отырған Хадиша Қуантханованың да жағдайын білдік. Екінші курс студенті жағдайының жақсы екенін айтты.

− «Pfizer» вакцинасы туралы ұстаздарымыз айтты. Өзім де қосымша ізденіп оқыдым. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтын да қарадым. Құрамында вирус болмайтынын білдім. Қазір COVID-19 әлем елдерінде қайта көбейіп жатыр. Сондықтан сақтық жасап, салдырып алғаным дұрыс болды, − дейді Хадиша.

Қала тұрғыны Жанар Жақыпова вакцина салдырған баласының  қасында болды.

− Балам вакцина салдыратынын айтты. Қасында болып, жағдайын көзіммен көргім келді. Отыз минуттан соң жанына бардым. Жағдайы қалыпты. Балаларымыздың саулығы маңыз­ды, − деді ол.

Айта кету керек, аймағымызға «Pfizer»-дің 23 400 дозасы жеткізілді. Ол ата-аналардың ке­лісімімен 12-18 жастағы жас­өс­пірімдерге, 16-37 апта ара­лығын­дағы жүкті әйелдер мен бо­санғанына 42 күн болған бала емізетін әйелдерге салынбақ.

Гүлбану МАҚАЖАН,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<