Тәу етер тірегім – Тәуелсіздік

652

0

Тарихшылар «тоқырау» деп ат беріп, айдар таққан уақытты көрдік. Нарықтың не екенін бажайлап білмесек те, бертін келе оны да түсіндік. Нәпақа табу қиындаған сол жылдары ел еңсесін көтерген бір ғана мақтаныш, бір ғана сенім болды. Ол – Тәуелсіздік. «Бұл заман артта қалар» деген үміт жетегі бізді осы күнге әкелді. Қуанарлығы, 30 жыл ішінде кеудесін тіктеп, даму жолында түрлі қиындықты жеңген егемен ел – Қазақстанның бейбіт күніне куәмін. Осы толғанысты қағазға түсіре отырып, азды-көпті сүрген тіршілік толқынында Тәуелсіз жұртым үшін мақтанып, соған тәу ете беремін.

Иә, отыз жылғы шежіренің барлығын тізбектеу көп шаруа. Уақыт тез өтіп кеткен секілді. Солай бола тұра халық үшін ғасырға татитын 30 жылдың келер ұрпаққа айтары көп. Сол уақыттың парағын ақтарсаңыз, ел дамуындағы түрлі серпілісті өзіңіз де көресіз.

Өзге өңірлермен бірге, өзім туған Сыр өңірі егемендік алғалы басқа облыстағы қиындықты бірге көрді. Жұмыссыздық пен кейбір өндіріс орындарының мүлде тоқтап қалуы – сол кезгі жүйеге де, жүйкеге де біраз салмақ салғанын ұмытқанымыз жоқ. Сонда да ел-халық үміт артқан Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сүбелі еңбегінің арқасында сын шақтан сүрінбей өттік.

Басқа облыстарды айтпай-ақ, өзіміз куә Сыр елінің даму сатысына үңілсек. Тартылған теңіздің тағдыры шатқаяқтап тұрғанда осы Тәуелсіздік дем берді емес пе?! Ұлы теңізден «Кіші Арал» идеясын тудырған Елбасы «САРАТС» жобасы арқылы мұндағы жұртқа қуаныш сыйлады. Әсіресе, Арал ауданының соңғы жылдары балық кәсібін өркендетудегі қадамы оң болып тұр. Осы салада тоғыз балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның екеуі «еурокод» белгісімен ТМД елдеріне өнімдерін экспортқа шығарып отыр. Шынымен де «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген Нұрсұлтан Әбішұлының сөзінде жан бар. Өйткені, осындағы барлық ауыл жаңа мектепке көшіпті. Білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін жағдай жасалды. Екіншіден, ауызсу жүйесі қалыпқа келтірілді. Қазір мұнда тұщы әрі таза сумен қамтылған ауыл көп.

Сырдария жағасын мекен ететін халықтың негізгі тіршілігі – егін мен мал шаруашылығы. Соңғы жылдары төрт түлік санында өсім бар. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламамен асылтұқымды мал санын арттырып жүрген ағайын көп. Ал ақ күрішімен әлемге танылған өңірдің Сыр маржанын өндіруде қамбасы ортаймай келеді. Тіпті биылғы су тапшылығына қарамастан 500 мың тонна күрішті шашпай-төкпей жинап алдық.

Өз басым мерзімді баспасөз беттерін жиі қарап, аймақ жаңалықтарын үзбей оқып отырамын. Екі жылдан бері елді әуре-сарсаңға салған әлемдік дертке мойынсұнбай, берекесін сақтаған Сыр жұртының ауызбіршілігіне кейде таңғалып та жатамын.

Соңғы жаңалықтар, әсіресе, ауыл-аймаққа жасалып жатқан игі істер көп. Тіпті, шалғай ауылдарда қала орталығында ғана көретін спорт кешені, медициналық ғимарат, мектеп, балабақша сияқты т.б. әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы – мемлекетіміздің алға қарай ұмтылысының бір көрінісі.

Мысалы, аймақтың бас басылымы «Сыр бойы» газетінен көп жылдан бері күрмеуі шешілмеген шыны зауытының іске қосылуын оқыдым. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Қызылордаға ат басын бұрып, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықовамен бірге республикалық жобаны жұртшылықпен бірге іске қосты.

Иә, үлкен өндірістің Сыр жерінде орын теуіп, елге қажет жұмыс көзінің ашылуы – бір бөлек дүние. Бұл кәсіпорын өз өнімімен Қазақстанды ғана қамтып қоймай, сырт елдерге де экспортайтыны қуантты. Әдетте, сырттан келетін қажетті зат өзімізден шықса, ел қазынасына түсер қор да мол болатыны белгілі ғой.

Тәуелсіздік тарту еткен тағы бір сый – өңірді газдандыру. Жеті аудан орталығы бүгінде «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Тіпті, Шиелі, Қазалы сияқты аудандардың елді мекендеріне де газ тартылып жатыр. Аз жылда көп ауыл осы жобаның игілігін көреді деген сенім бар.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова баспана мәселесін шешуге басымдық беріп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ел өміріндегі ең негізгі міндеттің бірі – тұрғын үй мәселесін шешу» екенін нықтап айтқаны есімізде. Ресми басылымдардың хабарлауынша, 30 жылда республикада 169 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Соның ішінде 7 млн шаршы метрден астамы біздің облыста іске асыпты. Түрлі бағдарламалар шеңберінде баспанаға қол жеткізген көп тұрғын қуанышқа кенелді. Басым көпшілігі көпбалалы отбасылар екен.

Сенат төрағасының Сыр бойына сапары барысында «Жасампаздыққа толы жылдар» атты салтанатты жиын өтті. Тәуелсіздіктің құрметіне арналған игі шараны тікелей эфир арқылы тамашаладым. Рухани қазынаға бай біздің өлкенің дәстүрлі орындаушылары Сыр сүлейлерінің шығармашылығынан шашу шашты. Ерекше безендірілген сахна, халықтың дәстүрлі ән-жырынан қойылым, жұртшылықтың мерекелік көңіл-күйі мені ерекше толқытты.

Осы шарада мені ғана емес, дүйім жұртты риза еткен көрініс әлі жадымда. Ол – Тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровке Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағының берілуі. Жұрт аямай ықыластана қол соғып, көңіл толқытқан сәт болды. Мұнан бөлек, облыс дамуында үлесі зор сенатор Мұрат Бақтиярұлы мен су шаруашылығының кәнігі маманы, қайраткер Нариман Қыпшақбаевқа да осы құрметтің берілуі лайықты болды.

Қуанарлығы, басқа да марапат иелері арасынан басшы не ірі кәсіпкерлерден бөлек, журналист, дәрігер, мұғалім мен өнер саласындағы қызметкерлерді көріп қалдық. Күрішші мен агроном, механик пен слесарь, электрик мамандығын иемденген азаматтар марапат төрінен көрінді. Маңдай тері мен еткен еңбегі ақталған да осылар. Демек, бұл дәрежелер иесіне лайық деген сөз.

«Қуанышты бөліссе, көбейеді» дейтін халықпыз. Ең құнды сый – Тәуелсіздіктің 30 жылдығында ел бірлігі арта түспесе, кемімеді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының мынадай сөзі бар: «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін». Қазақстанның қасиетті де қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Нұрымжан СОПБЕКОВ,

«НефтьТранс-Қызылорда» ЖШС директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<