«Қалам ұшындағы қоғам» оқырманға жол тартты

2155

0

Сенбі күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен белгілі журналист Нұрлан Көбегенұлының шығармашылығына 25 жыл толуына орай жарық көрген «Қалам ұшындағы қоғам» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Нұрлан Нұрмахановтың журналистикадағы қолтаңбасы оқырмандарына етене таныс. Ақпарат саласында 25 жылдық еңбегі, ширек ғасыр ішінде әр жанр бойынша екі жарым мыңнан аса материал жазып, баспасөзде табан аудармай қызмет еткені көпшіліктің көз алдында.

– Тұсауы кесілгелі тұрған шығармашылық еңбектің негізгі мақсаты журналистің өз оқырманына есеп беруі деп қабыл алыңыздар. Ширек ғасыр бұрынғы қоғамның өзекті тұстары, тұлғалары мен құбылыстары өрілген еңбектің тұсаукесерінде әріптесінің қуанышына ортақ болып, арнайы келген мәртебелі меймандарымыз ортамызда. Сөздің қадірін білген журналистер қауымы қоғамды дамытуда және идеологиялық серпін беруде аянып қалған емес. Олардың тәуелсіздігімізді баянды ету жолындағы еңбегі әркез жоғары құрметке лайық, – деді шара модераторы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.

Нұрлан Көбегенұлы шығармашылығында экологиялық тақырыптарға да ден қойған. Арал өңірінде өмір сүріп, жанына жақын мәселелерді қозғауы орынды. Осыған орай, кітап тұсаукесерінде алдыңғы буын ағалар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Қазыбай Құдайбергенов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы, ардагер Айтбай Көшербаев, «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсат, Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада Әбдікәрімов кітапқа өміршең ғұмыр тілеп, жылы лебізін білдірді.

Оған қоса, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің тәрбие ісі және жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Жандос Базартай, «Болашақ» университетінің ректоры Қуаныш Дәуренбеков және Н.Нұрмахановтың бір топ шәкірттері құттықтауларын жеткізді. Рухани кеште айтыскер ақын Жамбыл Бақытәлі де жинақ авторына жырдан шашу шашып, өлеңмен жылы лебізін білдірді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<