Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты Қазақстан экономикасы жаңа қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асырып, Ұлттық банк қаржылық тұрақтылықты сақтау бағытында жұмыс жүргізуде. Мұндай кезде Қазақстан Республикасының халықаралық резервтерін сақтау мәселесі өте өзекті болмақ. Қазіргі ақша-кредит саясаты осыны көздейді.
Алтын – стратегиялық актив
Ақпан айында еліміздің жалпы халықаралық резерві 33,4 млрд долларды құрағанын айта кету керек. Бұл 2020 жылдың қаңтар айындағы көлемнен 13,8%-ке артық. Бұдан байқағанымыздай, COVID-19 пандемиясына қарамастан алтын-валюта қорының айтарлықтай көбейгенін көруге болады. Экономикалық ауыртпалықтар кезеңінде алтын-валюта қоры – тұрақтылықты сақтауға көмектесетін құтқарушы құрал.
Үкімет пен Ұлттық банк халықаралық қор резервіндегі алтынның үлесін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Егер де 2013 жылы қор құрамындағы алтынның үлесі 23,3%-ті құраса, қазір оған қарама-қарсы көрсеткішті байқаймыз. Дәлірек айтқанда, ол көрсеткіш 66,4% болып отыр. Алтынға басымдық беру АҚШ, Германия, Италия, Франция және Нидерланды елдерінде де көрініс тапқан. Бұл мемлекеттердің халықаралық қорындағы алтынның үлесі 66,2%-55,7% аралығында.
Алтын дағдарыс кезеңіндегі стратегиялық активке айналды. Бағалы металдың бір унциясы 2016 жылы 1 мың доллар болса, қазір 1,9 мың долларға жеткен. Кейінгі он жылда бұл бағытта жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан алтын-валюта қоры көлемі бойынша әлем мемлекеттері арасында 15-орында тұр. Біздегі алтын қоры 385,3 тоннаға жетті. Аталған тізімде Португалия, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания секілді елдерді артта қалдырып отырмыз.
Табысты арттыру мақсаты
Өткен аптада бюджетке өзгерістер енгізу кезінде көлемі 2,7 трлн теңгеге ұлғайды. Оның 1,1 трлн теңгесін бюджеттің өз кірістері құраса, қалған 1,6 трлн теңге Ұлттық қордан аударылған трансферт есебінен толықтырылған. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Президент тапсырмаларын жүзеге асыруға қосымша 1,8 трлн теңге бағытталады.
Мұндағы басым бағыттардың біріншісіне тұрғындар табысын арттыру шаралары жатады. Оған 197 млрд теңге қаралған. Бұл қаржы есебінен жастарды қолдау, жеке кәсібін бастайтындарға шағын несие беру, баспананы жалға алу төлемдерін субсидиялау жүзеге асырылмақ.
Екінші басым бағыт – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол бойынша агрокешендерге субсидия беру, көктемгі дала және күзгі егін жинау жұмыстарына және ауыл шаруашылығы саласындағы өзге де проблемаларды шешуге қаржы қаралған.
Зейнетақы мен жәрдемақы өседі
Зейнетақы мен жәрдемақыны инфляцияға сай индекстеу үшін қосымша 111 млрд теңге бөлінеді. Жалпы биылғы бюджетте халықты әлеуметтік қамсыздандыруға 4 трлн теңге қарастырылған. Ол былтырғымен салыстырғанда 230 млрд теңгеге артық.
Республикалық бюджеттік комиссия Үкіметпен бірге өте маңызды шешім қабылдады. Инфляция дәлізінің 8-10% деңгейінде өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін тағы 4%-ке индекстеу көзделіп отыр. Соның жиынтығында барлық әлеуметтік төлемдер былтырмен салыстырғанда 9%, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері 11% артады. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, аталған әлеуметтік төлемдер 4,2 млн адамды қамтиды.
Нақтылаудан кейінгі республикалық бюджеттің жалпы кірісі 15,8 трлн теңгеге жетіп отыр. Үкімет жоспарлаған барлық шаралар өңірлер экономикасына қосымша серпін беріп, тұрғындар табысын арттыруға және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға әсер етеді деп күтілуде.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<