Тоқа Сәмет

689

0

Патша үкіметі тұсында халық мол шоғырланған қалаларда жыл сайын жәрмеңке өткізіліп тұрған. Осындай бір жәрмеңке кезінде орысқа қызмет жасап жүрген бір қазақ орыстың таяғынан өледі. Жәрмеңкеге келген болыс-билер арға тырысып орыстардан құн даулайды. Орыс шенеуніктері:

– Ой, өзі ауру адам шығар, бір салып қалғанға адам өлетін бе еді? – деп, теңдік бермейді. Қазақтар мазалай берген соң:

– Ал, онда бір ұрғанда адам өлтіретін адамдарың болса әкеліңдер, біздің адамымызды бір ұрғанда өлтіріп берсе, құн төлейміз, болмаса аулақ жүріңдер, – депті.

Қазақтар мақұл деп алып, жеме-жемге келгенде қатты сасады. Көпшілік қазақтарға «бір ұрғанда адам өлтіре алатын елдеріңде кім бар?» деп, жар салыпты. Ешкім шықпайды, билер «орыстарға күлкі болдық-ау» деп уайымға батады. Сонда бір адам тұрып:

– Біздің ауылда, Қарақұм бойында Сәмет деген бір жігіт бар, қамшымен тартып жібергенде нар түйенің өркешіне кез түсіреді, өлтірсе сол өлтіруі мүмкін, – дейді. Көпшілік ойласа келе Сәметті алдыруды ұйғарды. Қос атпен адам жібереді. Мерзімді уақытында Сәмет те келіп жетеді. Оған «ойынның» шартын түсіндіреді.

Сәмет жәрмеңкеге жиналған жүз мырзаны атымен, қамшысымен оңашаға алып шығады. Әр атты өзі мініп көріп, қамшыны білемдеп сілтеп көреді. Ақыры,  жүз аттан  тақымына жаққан бір атты, қолына жаққан бір қамшыны таңдап алады, сөйтіп көпшілікке келіп, әзір екенін білдіреді.

Орыстар да өздерінше дайындалып, қалың киіндіріп бір дәу жігітті столға отырғызып қойып, «көрейік сендерді» дегендей миықтарынан күледі.

Сәмет отырған жігітке қарай алыстан шауып келіп, қамшыны кері сілтеп ұратындай ыңғай білдіріп, бірнеше рет ұрмай жасқап өтеді. Орыс алғашқыда бойын жиырып, артынан тағы да ұрмайды екен деп бойын босаңсытады. Сол сәтті дәл байқаған Сәмет тартып жібереді. Орыстың денесі қақ бөлінеді. Осы оқиғадан кейін қазақты менсінбейтін орыстар аяғын тарта жүретін болыпты.

 «Ескі сөз – ел мұрасы» кітабынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<