Жас ортасында жарың өлмесін…

2190

0

Белгілі әнші-композитор Әбдірейім Өміровтен редакцияға қызық хат келіп түсті. Онда əйелі қайтыс болып жесір қалған еркектер, яғни, əкелеріміз жайлы айтылған.

«Асыл дініміз Ислам күйеуі қайтыс болған əйелге бір жылдан соң, еркектерге əйелі қайтыс болғаннан соң қырық күннен кейін үйленуге рұқсат береді. Оларға балалары сол мезгіл өткен соң үйленіңіз немесе күйеуге шығыңыз деп айтуы тиіс. Бұл перзенттік парызға жатады. Енді осы жөнінде өз басымнан өткен оқиғаны айтайын», – дейді ол, – Менің анам 1985 жылы қайтыс болды. Анамның қырық күндік садақасын берген соң əкеме:

– Тəте, Алланың ісіне шара жоқ. Құдай қосқан қосағыңыз қайтыс болып сіз жетім болып қалдыңыз. Бойыңызда күш-қуатыңыз барда үйленіңіз, біз рұқсат береміз, – дедім. Әкем бұл сөзіме селсоқ жауап беріп, рахметін айтты.

 Мен әкеме жар, өзімізге ана іздейін деп шештім. Күндер өтіп жатты, бір-екі жылдан соң әкемнің денсаулығы сыр беріп, үйде отырып қалды. Сол кезде ол кісіге серік керек болды. Өйткені мен кірсем бар, шықсам жоқпын. Ал, келін атасын жуындыру секілді жұмыстарына бара алмады. Мен енді кемпір іздеуге шындап кірістім, одан қиын нəрсе жоқ екен. Баяғының сауап үшін, болмаса күнкөріс үшін тиетін кемпірлері бұл заманда жоқ. Қарттар үйіне бардым. Әкеме серік іздеп жүріп, бір атадан мынандай бір əңгіме естідім.

…Сонау 60-жылдардың аяқ жағы болса керек. Түркістаннан шыққан жеңіл көлікке жолай бір апа қол көтеріп отырады. Шорнаққа бара жатқанын айтады. Рульде – қырықтан асқан жігіт ағасы. Жігіт пен кемпір жол қысқарсын деп әңгімеге көшеді. Кемпірдің шалы қайтыс болыпты, екі баласы бар екен.

– Апа, маған ана болыңызшы, – дейді шопыр жігіт.

– Е-е, айналайын болайын.

– Апа, уəде – Құдай аты, уəде ғой, маған ана боласыз ғой.

– Уəде – уəде, мен – ана, сен балам боласың, – дейді кемпір де жігіттің көңілін қалдырғысы келмей. Бір кезде зырылдаған көлік Шорнаққа да келіп қалады, бірақ, тоқтамай жүре береді. 

– Балам-ау, мені түсірмейсің бе? – деп кемпір қозғалақтайды.

– Апа, сіз маған ана боламын деп уəде бердіңіз ғой. Менің анам қайтыс болған. Мен – жетім, əкем – жесір. Маған ана, əкеме жар боласыз, енді…

 Кемпір сөзден тосылып, үнсіз қалады. Жігіт бейтаныс жанды үйіне әкеліп, жұртты жиып, мән-жайды түсіндіреді.

Апаның екі ұлы анасының артынан келіп, алып кетеміз деп ашу шақырады. Кемпір сонда балаларына: 

– О заман да бұ заман, кемпір қайтып келіпті дегенді кім естіген?! Мен мына балама ойда-жоқта Құдайдың атымен ана боламын деп уəде беріп қойдым. Уəдеден тайғаным дұрыс болмас, сендер енді екеу емес, ағалы-інілі үшеу болып, бауырласып өмір сүріңдер, – депті.

Аяқасты өзіне ана тапқан жігіт жаңа қосылған екі інісінің біріне астындағы көлігін, біріне бəйге атын беріпті.

Міне, осылайша, сол үш жігіт кемпір-шал өмірден кеткен соң да, əлі күнге дейін тату-тəтті өмір сүріп жатыр, – деп қарт сөзін аяқтады.

Ал, мен əкеме жар табар ма едім, таппас па едім, ол күнге жетпей мен үшін бар дүниеден қымбат болған асыл адам дүниеден өтіп кетті».

Әбдірейім хатын осылай аяқтапты.

Бүгінде анасы өмірден өтіп, артында әкесі қалған осындай жағдайға көп кездесеміз. Олар үйленейін десе, «жасың жетпіске келді, елден ұят» деп балалары рұқсат етпейді. Шынтуайтына келсек, олардың ұятынан қызғанышы басым. Анасының ұстаған дүниесін басқаға ұстатқысы келмейді, тіпті әкесінің жиған-тергеніне тосыннан келген біреудің еге болғанын қаламайды. Қарағым-ау, дүние әкеңнен асыл емес. Сен жанына медет, тәніне сүйеу жарынан айырылған әкеңнің қандай күйде екенін білесің бе? «Жол ортасында атың өлмесін, жас ортасында жарың өлмесін» демеуші ме еді қазақ. Қарттардың бақыты – жаны сүйгенімен жанасып, жалғыздықтан жабықпай өмір сүру. «Бала-шағамның ортасында отырсам болды» дейтін жұбату сөзі ғана. Қайсыбір қарт та өзіне жан серік іздейді. Олардың «қатарың болмаса тойға барма» деген сөзінен де көп нәрсе ұғуға болмай ма? Осы сөздер балаларының ойлануына жетпей ме, қарттардың ойындағысының бәрін ашып айтуы міндет пе?

Әкеміздің аз күнгі алданышын қызғанып жүретін болсақ, онда ұлт ұстынына оралуымыз тіпті қиын. Осы қазіргі күні «әкеме әйел әперсем деп едім» дейтін жанды кездестіру қиын, мүлде жоқ деп айтуға болмас. Оған Әбдірейімнің әңгімесі дәлел.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<