490 қатысушы әлеуметтік төлем алады

928

1

1989 жылы жазушы Олжас Сүлейменовтің бастамасымен «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Басты мақсат – халықты мұндай жағдайға бей-жай қарамауға шақыру, полигонды жабу үшін күресу және одан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы заң қабылдау болатын. Қозғалысқа елдің түкпір-түкпірінен адамдар қатысып, ядролық қаруға қарсылықтарын көрсетті.

Семей полигонында сы­нақ жүргізілген 40 жылдың ішінде онда 10000-ға жуық қызылордалық әскери боры­шын өтеген. Бүгінде соның 1043-і ортамызда, оның ішін­де 490 азамат тікелей қа­тысушы ретінде әлеуметтік тө­лемдермен қамтылып отыр. Ал қалғандары ешқан­дай қолдау көрмеген.

– Өздеріңізге мәлім, адам­затқа қасірет әкелген по­ли­гон Елбасының Жар­лығымен жабылды. Бұл шешім – Қазақстанды әлемге ғасыр қасіретінен бас тартқан мемлекет ретінде танытты. Біздің өңірден қатысқан 490 азаматқа ай сайын төлемақы төленеді. Сондай-ақ, 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, аза­мат­тық немесе әскери мақ­саттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттардың зардаптарын жоюға қатысқан әрі ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдарға  30 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жылына бiр рет төлем төленеді, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Әбдукәрімов.

Семей полигонын жабу – еліміз тәуелсіздік алар сәтте қабылданған маңызды шешім болатын. Еліміз бүкіл әлемге ядролық қарудан бас тартқан бейбіт өмірдің жаршысы ретінде танылды. Түрлі нәубетті бастан кешірген қазақ елі үшін бейбітшілік пен тәуелсіздік – әрдайым қастерлі ұғым. Осыдан болар, Қазақстан бейбіт жолды таңдап, алға қадам басты.

– Семей полигонының жабылуы – тарихи оқиға, парасатты, батыл шешім болды. Өзім 1971-1973 жылдары әскер қатарында болдым. Бомбаны көметін жерлерді дайындап, полигондағы қазан-шұңқырларды бітеп, оның айналасын тазалап, құрылыс салу жұмыстарына атсалыстық. Көбіне қара жұмыс істедік. Оның зардабына мән бермедік, кейін бәрі алдымыздан шықты. Қазір облыстық «Невада-Семей» ардагерлер қоғамының төрағасымын. 1995 жылы өңірде қоғамдық бірлестік құрылғаннан бері өзім сияқты азаматтарға көмек көрсетіп, қолдау танытып, қоғамдық жұмыстарға атсалысып келеміз. Өкініштісі, Семейде болған 1043 азаматтың жартысы ғана әлеуметтік төлемге ие болса, қалғаны мұндай қолдаудан құр қалып отыр. Олар да бізбен бірдей борышын өткеріп келген, – дейді облыстық «Невада-Семей» ардагерлер қоғамының төрағасы Сәбит Әбіш.

 М.ОТАРАЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<