Облыста тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Ізмағамбетовтің айтуынша, өңірде 4 қала мен 222 ауылдық елді мекен орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Бұл – кейінгі жылдары жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі. Биыл жеті жоба жүзеге асырылып, су желілерінің тозуын 33-тен 31 пайызға дейін, кәріз желілерінің тозуын 32-ден 30 пайызға дейін төмендету жоспарланған.
Газдандыру бағытында да оң серпін байқалады. Бүгінде облыстағы қалалар мен бірқатар ауыл табиғи газға толық қосылған. Газдандырылған ауылдардың саны 56-ға жетіп, халықты газбен қамту деңгейі 83 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 85 пайызға жеткізу жоспарда тұр. Бұл – жай ғана статистика емес. Газдың келуі ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, көмірге тәуелділікті азайтады, экологиялық ахуалды жақсартады және шағын кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай тудырады.
Облыстың электр энергетикасы саласында шешімін күткен мәселе бар. Электр желілерінің тозу деңгейі әлі де 60 пайызды құрайды. Биыл 605 шақырым электр желісі мен 190 қосалқы станция жаңғыртылып, тозу деңгейін 59 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Өңірде жалпы қуаты 148 мегаватт болатын бес күн-электр станциясы жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұған қуаты 234 мегаватт болатын жел және жаңа күн-электр станциялары қосылмақ. Бұл облыстың энергетикалық қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, экологиялық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
– Қысқы маусымға дайындық жоспарға сай жүргізіледі. Жылу желілерін жаңғырту, газ-турбиналық қондырғыларды күрделі жөндеу, қазандықтар мен қосалқы жабдықтарды жаңарту жұмыстарының орындалуы 68 пайызға жетті.
Сондай-ақ, қажетті отын қорын толықтыру жұмыстары бақылауда. Облысқа 8 мың тоннадан астам көмір жеткізілді, қоймаларда қосымша 12 мың тонна көмір қоры бар. Жылу-электр орталығында мазут пен дизель отынының нормативтік қоры толық қамтамасыз етілді.
Өңірде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындарға барынша сапалы қызмет көрсетуге басымдық беріледі, – дейді басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





