6 елді мекен газдандырылады

648

0

Тұрғындардың өмір сапасын жақсартуда елді мекендерді ауызсумен қамту маңызды. Бұл ретте өңірдегі 230 елді мекенді сапалы ауызсумен қамту міндеті бар. Бүгінгі күні аймақта елді мекендердің 198-іне су желілері барған. Нәтижесінде халықтың 97%-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Қалған ауылдарға кезең-кезеңімен тартылады.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында атқарылған жұмыстардың есебін тыңдады. Жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев қатысты.

Алдымен елді мекендерді газдандыру мәселесі қозғалды. Бүгінде аймақтағы барлық аудан орталықтары толыққанды табиғи газға қосылған. Өткен жылы басталған 5 жобаның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, Қызылорда қаласындағы Наурыз және Махамбет, Қазалы қаласы, Шиелі ауданындағы Алғабас, Ақмая және Тереңөзек кенті бойынша «Ақ дақтар» жобасы бар. Сондай-ақ, осы жылы  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы Қазалы ауданындағы Жалаңтөс батыр, Пірімов, Басықара ауылдарын газдандыру жұмыстары басталады.

Биыл 6 елді мекенді газдандыру үшін Энергетика министрлігіне өтінім берілді, яғни Аралдағы Сексеуіл кентіне АГТС орнату және кентішілік газдандыру,  Қармақшыдағы Төретам және Ақай елді мекендеріне, Шиелі ауданы Шоқай елді мекеніне АГТС орнату мен Жаңақорғандағы Бірлік, Қыраш ауылдарына газ тарту межеленіп отыр.

Облыс әкімі құрылыс-монтаж жұмыстарын сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтауды жүктеді. Табиғи газ бағасын бақылауда ұстау қажет екенін баса айтты.

Қызылорда қаласындағы 4 қосалқы станцияны жаңғырту жалғасуда. Ұлттық экономика министрлігіне 2 жобаға бюджеттік өтінім ұсынылған. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын электрмен жабдықтау және Шиелі кентіндегі қосалқы станцияны қайта жаңғырту бойынша 2 жоба әзірленуде.

Аймақ басшысы аталған жобалар бойынша бірқатар тапсырма беріп, коммуналдық тарифтердің көтерілуіне жол бермеу керек екенін атап өтті.

Еске салайық, аймақта жылу тарифіне  2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1 Гкал жылу энергиясына уақытша өтемдік тариф енгізіліп, 2020 жылдың деңгейімен салыстырғанда 13,4%, газ тарифі 2020 жылмен салыстырғанда 5,9% төмендетілді.

Жылумен қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы әлеуметтік нысандардың жылу қазандықтарын қайта жаңғыртудың 4 жобасына республикалық бюджеттен  қаржы бөлінді.

Жиын соңында облыс әкімі жылу беру маусымын ақаусыз аяқтап, ауызсумен қамту, газдандыру мәселелеріне кешенді талдау жасау, нақты шешімдер қабылдау қажеттігін еске салды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<