«Абай жолы» романының жаңа нұсқасы жарық көрді

7500

0

Фото: ашық дереккөз

«Абай жолы» романының кеңестік цензура кескен тұстары қосылып, толықтырылған жаңа нұсқасы жарыққа шықты, деп хабарлайды «Хабар» агенттгі.

Баспагерлер Мұхтар Әуезов шығармасының 1942 және 1947 жылдары жарық көрген нұсқасын жарыққа шығарып отыр. Енді оқырмандар «Абай жолының» алғашқы және кейінгі нұсқаларын салыстыруға мүмкіндік алады.

Айта кетейік, жаңғыртылған нұсқа Алматыдағы Ұлттық кітапхананың қорында сақталған, кезінде ғалым Бейсенбай Кенжебаев баспаға берген қолжазбаның негізінде жарық көрген. «Кириллицаға енді көшкен кезде шыққан кітаптың қаріптерінде біраз өзгешеліктер болды. Мазмұнында да айырмашылықтар бар», – дейді баспагерлер. Оны қайта өңдеп, басу үшін жоба авторлары екі жыл тер төккен.

– Естеріңізде болса, бала Абайға бата беретін Барлас пен Байкөкше деген екі ақын айтылады кітапта. Міне, сол Барлас түпнұсқада Дулат Бабатайұлы екен. Алғашында М.Әуезов Дулат Бабатайұлы деп жазған. Содан 1951 жылы қазақтың көп Абайға дейінгі ақындарын, Кенесарыға дейінгі ақындарын жоққа шығару саясаты болады партияның. Олар хандық феодалдық дәуірді аңсады деп олардың аттарын атауға тиым салады. Сол кезде Әуезов амал жоқтан Дулаттың атын Барласқа ауыстырады. Дулаттың бүкіл өлеңдерін алып тастайды. Ал мына біз шығарған кітапта Дулат Бабатайұлының есімі сол қалпында қалды, – дейді баспагер Марфуға Шапиян.

Баспагерлер «Абай жолын» қайта басып шығару үшін Мұхтар Әуезовтың мұрасына авторлық құқықты сатып алған. Жазушының атақты романының бастапқы нұсқасының қайта жарық көруіне Әуезов музей үйінің жетекшісі Диар Қонаев рұқсатын беріп, қолдау білдірген.

– Бұл кітапты бірнеше редактор оқыды, бірнеше корректор оқыды. Екі жыл еңбектеніп осы кітапты шығарып отырмыз. Оқырмандарымыз өз бағасын берер. Әуезов өз қолымен баспаға қолжазба ретінде тапсырған кітабы 1942-1947 осы кітапты сол күйінде шығарып отырмыз, – дейді жоба жетекшісі Айбек Өжкен.

Екі томдық кітапта ескі сөздер сол қалпында, жазушының стилі өзгертілмей берілген. «Сондай-ақ қазіргі талаптарға сай келмейтін қателер де өзгеріссіз берілді», – дейді жоба авторлары. Кітапта толықтырылған деректерге арнайы сілтеме берілген. Осылайша қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман-эпопеяның кітапхана қорында жатқан нұсқасы қалың оқырманға қол жетімді болып отыр.

Мөлдір Сағынбаева,

Қорқыт ата атындағы универсиеттің 4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<