Адвокаттық және нотариаттық қызметпен айналысуға үміткерлерге мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

77

0

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 12 қазандағы қаулысына Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 қазандағы №637 қаулысымен өзгерістер енгізілуіне сәйкес, ағымдағы жылы 10 қаңтарда «Қазақстан Республикасы Әділет министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу» туралы №54 бұйрығы бекітілді.

 Қазіргі уақытта бұйрық ресми жарияланып, қолданысқа енгізілді.

Аталған бұйрыққа сәйкес, Тағылымдамадан өткен және адвокаттық қызметпен айналысуға және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу қағидаларына, мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттеріне өзгерістер енгізілді.

Тағылымдамадан өткен және адвокаттық қызметпен айналысуға үмiткер адамдарды аттестаттаудан өткiзу қағидасына сәйкес, адвокаттық және нотариаттық қызметпен айналысуға үмiткер және адвокаттар алқасында тағылымдамадан өткен адамдар облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың аумақтық әдiлет органдары жанында құрылатын адвокаттық қызметпен айналысуға үмiткер адамдарды аттестаттау жөнiндегi комиссияда аттестаттаудан өтедi. Комиссияның жұмыс органы аумақтық әдiлет органы болып табылады.  Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия жетi мүшеден – үш адвокаттан, әдiлет органдарының екi өкiлiнен, құқықтанушы ғалымнан және мәслихат депутатынан тұрады.

Ал нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия екі нотариустан, нотариаттық палатаның төрағасын қоса алғанда, әдiлет органдарының екi өкiлiнен, құқықтанушы ғалымнан және мәслихат депутатынан тұрады.

Адвокаттық қызмет туралы Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және облыстық немесе оған теңестірілген соттың жалпы отырысының оң пікірін алған адамдар, теріс себептермен босатылғандарды қоспағанда, прокурор немесе тергеуші лауазымында кемінде он жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, прокуратура және тергеу органдарынан босатылған адамдар және «Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 9) және 12) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша судья өкiлеттiктерiн тоқтатқан адамдар  адвокаттық қызметпен айналысу құқығына Комиссияда аттестаттаудан босатылады.

Ал Нотариат туралы ҚР Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасында немесе Қазақстан Республикасы Жоғары Сот кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған адамдар, тұрақты судьялар және өз міндеттерін атқару кезінде теріс қылықтар жасағаны және заңдылықты бұзғаны үшін судьялық қызметінен босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс істеген адамдар, сондай-ақ мемлекеттiк нотариустар аттестаттаудан өтпестен нотариаттық қызметті жүзеге асыру үшін лицензия алуға құқылы, яғни осы адамдар аттестаттаудан босатылады.

Адвокаттық қызметпен айналысуға аттестаттаудан өту үшiн құжаттарды қабылдау тәртiбi бүгінгі күні адвокаттық және нотариаттық қызметпен айналысуға үмiткер тұлға тағылымдамадан өткеннен кейін «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы тұрғылықты жері бойынша Комиссияға аттестаттауға жіберу туралы сұрау салады және оларды әділет органдарына ұсынғанға дейін кемінде бір ай бұрын денсаулық сақтау ұйымдарымен берілген диспансерлік есепте тұратыны немесе тұрмайтыны туралы үміткердің тұрғылықты жерi бойынша нарколог және психиатрдың анықтамаларының электрондық көшірмесін жолдайды.

Ал нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үмiткер тұлға тағылымдамадан өткеннен кейін «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы тұрғылықты жері бойынша Комиссияға аттестаттауға жіберу туралы сұрау салу, әділет органдарына ұсынғанға дейін кемінде бір ай бұрын денсаулық сақтау ұйымдарымен берілген диспансерлік есепте тұратыны/тұрмайтыны туралы үміткердің тұрғылықты жерi бойынша нарколог және психиатрдың анықтамаларының электрондық көшірмесі және заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілінің болуын растайтын құжаттың электронды көшірмесін жібереді.

Аттестаттауға жіберу туралы сұрау салуда үміткерге қатысты қажетті мәліметтер қамтылады.

 «Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған не тиiсiнше ресiмделмеген жағдайда көрсетілетін қызметті беруші олардың түскен күнінен бастап екi жұмыс күнiнен кешiктiрмейтін мерзімде өтінішті одан әрі қараудан жазбаша түрде дәлелмен бас тартады. Аумақтық әдiлет органы құжаттарды Комиссияның қарауына жiбередi. Құжаттарды қарау қорытындысы бойынша Комиссия аттестаттауға жiберу не жiберуден бас тарту туралы шешiм шығарады. Егер үмiткер Заңда белгiленген талаптарға сәйкес келмесе, аттестаттауға жiберуден бас тартылады.

Аумақтық әдiлет органдары аттестаттауға жiберуден бас тарту туралы шешiмдi өтiнiш келiп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей үмiткерге жiбередi.  Аттестаттауға жiберуден бас тартуға сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн. Аумақтық әдiлет органы аттестаттауға жiберiлген үмiткерді аттестаттаудың өтетiн орны, күнi, уақыты туралы оны өткiзгенге дейiн күнтізбелік он күннен кешiктiрмей электрондық нысанда портал арқылы хабардар етеді. Аттестаттауға жiберiлген үмiткерлердiң тiзiмдерi оны өткiзгенге дейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей аумақтық әдiлет органының интернет-ресурстарында орналастырылады.

Комиссия отырысына келген кезде үмiткердiң өзiнде оның жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиiс. Аттестаттау екi кезеңнен тұрады:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын бiлуiне компьютерлiк тест тапсыру;

2) үмiткердiң бiлiмiн емтихан билеттерi бойынша тексеру.

  Yмiткер өз қалауы бойынша аттестаттаудан қазақ немесе орыс тiлiнде өтуге құқылы. Үмiткер өзi таңдаған тiлiн аттестаттау басталғанға дейiн жазбаша растайды. Тестiлерге енгiзiлуi тиiс сұрақтар тiзбесiн Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі бекiтедi. Үмiткерлердiң бiлiмiн бағалауға арналған сұрақтар адвокаттық қызметтi жүзеге асыру үшiн бiлудi қажет ететiн құқық пәндерiнiң тақырыптарына сәйкес келуi және бiреуi дұрыс болатын жауаптардың кемiнде үш нұсқасын қамтуы тиiс. Тестiлеу компьютерлiк техниканы пайдалана отырып өткiзiледi. Тестiлеуге бөлiнген уақыт тоқсан минутты құрайды. Тест құпия ақпарат болып табылады және еркін жариялауға жатпайды. Аттестаттаудан өту кезiнде үмiткерге анықтамалық, арнайы және өзге де әдебиеттi, байланыс құралдарын, сондай-ақ электрондық жеткізгіште қандай да бiр жазбаларды пайдалануға жол берiлмейдi. Көрсетiлген талаптарды бұзған жағдайда, үмiткер Комиссия хаттамасының негiзiнде аттестаттаудан шеттетiледi.

  Аттестаттаудан шеттетiлген үмiткер шешiм шығарылған күннен бастап үш ай өткен соң көзделген тәртiппен аттестаттауға жiберу туралы өтiнiштi қайта беруге құқылы. Аттестаудан өту үшін ұсынылған сұрақтардың жалпы саны 100-ді құрайды. Тестiлеудiң дұрыс жауаптарын есептеу қолданылатын компьютерлiк бағдарламаның көмегiмен автоматты түрде жүргiзiледi. Тестiлеу нәтижелерi принтерде екi данада басылып шығарылады және аяқтала салысымен бірден үмiткерге жеке қол қойдыру арқылы танысу үшiн ұсынылады. Тестiлеу нәтижелерi бар парақтың бiр данасы үмiткерге тапсырылады, екiншiсi Комиссияға берiледi. Егер дұрыс жауаптардың саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санының 70 және одан артығын құраса, үмiткер тестiлеуден өттi деп саналады және екiншi кезеңге жiберiледi. Емтихан билеттерiне енгiзiлуi тиiс сұрақтар тiзбесiн Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі бекiтедi. Емтихан билеттерi адвокаттық қызметтi жүзеге асыру үшiн бiлудi қажет ететiн құқық пәндерiнiң тақырыптарына сәйкес келуi тиiс үш сұрақтан тұрады.

  Емтихан билеттері құпия ақпарат болып табылады және еркін жариялауға жатпайды. Емтихан билеттерiнiң сұрақтарына үмiткердiң жауап дайындауы үшiн 10 минут уақыт берiледi. Комиссия мүшелерi үмiткердiң емтихан билетiнiң ауызша сұрақтарына берген жауаптарының дұрыстығын бес балдық жүйе бойынша бағалайды. Комиссияның әрбiр мүшесi аттестаттаудан өтушiнiң жауаптарын басқалардан тәуелсiз әр жауап бойынша бес балдық жүйе бойынша бағалайды. Егер жалпы орташа балл кемiнде төрт балды құраса және одан жоғары болса, үмiткер аттестаттаудан өттi деп саналады.

  Комиссия тестiлеу және/немесе емтихан сұрақтарына жауаптардың нәтижелерi бойынша адвокаттық  және нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер тұлғалардың аттестаттаудан өткені туралы не адвокаттық және нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер тұлғалардың аттестаттаудан өтпегені туралы дәлелдi шешiм шығарады. Аттестаттау нәтижелерi, үмiткердiң аттестаттаудан өткен күнi, ол аяқталғаннан кейiн жария етiледi. Комиссияның шешiмiне сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.

Комиссияның адвокаттық қызмет бойынша аттестаттаудан өту туралы шешiмi оның шығарылған сәтiнен бастап алты жыл бойы ал нотариаттық қызмет бойынша Комиссияның аттестаттаудан өту туралы шешiмi оның шығарылған сәтiнен бастап үш жыл бойы жарамды болып табылады.

Аттестаттаудан өтпеген үмiткер қайта аттестаттауға бiр жылдан соң жiберiледi. Дәлелдi себептер (денсаулық жағдайы бойынша, iссапарда болу себебiнен, еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан қатысудың мүмкiн еместiгi) бойынша аттестаттауға келмеген үмiткер Комиссияның келесi отырысына шақырылады. Үмiткер қайта келмеген жағдайда, оның өтiнiшi қаралмайды.

Сонымен қатар, «Нотариустардың өтініштерін қабылдау, мөрлерін тіркеу және беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметті облыстардың, Астана және Алматы ққ. әділет департаменттері көрсетеді.

Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелерін беру:

1) қызмет берушімен;

2) «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы  арқылы жүзеге асырылады

Мемлекеттiк қызметтi көрсету мерзiмi көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап – 5 (бес) жұмыс күні және мемлекеттік қызмет көрсету нысаны: қағаз жүзінде.  Мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі болып нотариустардың мөрлерін беру.  Көрсетілетін қызметті беруші нотариустың мөрін осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес мөрді беру журналында қол қою арқылы береді.

 Көрсетілетін қызметті берушіге және мемлекеттік корпорацияға:

 1) жеке басын куәландыратын құжат (тұлғаны айқындау үшін қажет етіледі);

  2) осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес өтініш;

Көрсетілетін қызметті алушыға нотариус мөрін алу үшін қажетті құжаттарды тапсырған кезде күні, уақыты, құжаттарды қабылдаған адамның тегі және аты-жөні көрсетіле отырып, талон беріледі, ал құжаттарды мемлекеттік корпорация арқылы қабылдау кезінде тиісті құжаттарды қабылдағаны туралы қолхат беріледі.

Мемлекеттiк қызмет көрсету нәтижелерiмен келiспеген жағдайларда көрсетiлетiн қызметтi алушының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сотқа жүгiну құқығы бар.

 

А.Қосбергенова,

Қызылорда облысының 

Әділет департаментінің бөлім басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз