Әдеп нормалары ұдайы бақылауда

193

0

Апта басында Қызылорда қаласында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Илхам Аметовтың төрағалығымен мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті.

Басқосуға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық департамент өкілдері, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты уәкілетті органдар қатысты.

Семинарда алдымен сөз алған Илхам Аметов Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлеріне қатысты бірнеше мәселелер барын айтып, оны шешу жолында бірлесе жұмыс істеуге үндеді.

– Салада заңсыздықтар мен келеңсіздіктер кездесіп жататыны жасырын емес. Оның бәрін мамандармен ақылдаса отырып, шешудеміз. Тағы бір жайт – мемлекеттік қызметшілердің белгіленген уақыттан көп жұмыс істеуі. Әсіресе жергілікті атқарушы органдарда көп кездеседі. Бұның себебін зерттеп, болдырмас үшін басшыларға ескерту жасадық. Бұған қоса, мемлекеттік қызметшілер Әдеп нормаларынан аттамауы тиіс, бәрін мамандар бақылауға алып отыр, – деді И.Аметов.

Аталған басқосуда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ерлеген Мендалиев те сөз алып, баяндама оқыды. Баяндамада аталған сала қызметкерлерінің тарапынан 2023 жыл мен биылғы Әдеп кодексі нормаларының, Мемлекеттік қызмет туралы және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер заңнамаларының сақталуы бойынша мәселелер айтылды.

Бұдан соң семинар-кеңесте мемлекеттік қызмет барысында кездесетін сыбайлас жемқорлықтың себептері мен оның алдын алу тетіктері, қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды. Өз кезегінде сала қызметкерлері жеке тәжірибесіне сүйеніп, қолайсыз жағдайлардың алдын алуға байланысты ұсыныстарын жеткізді.

Сондай-ақ Илхам Бақтыбайұлы Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясында мекеме қызметкерлерімен арнайы кездесіп, әңгімелесті. Инспекция қызметкерлері тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап беріп, алдағы уақытта әдеп нормаларын сақтап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Жиын соңында Әдеп жөніндегі уәкіл қызметкерлерге әрқашан ашық екенін, кез келген уақытта байланысып, көкейде жүрген мәселелерін талқылап, шешу жолдарын бірге ақылдасып, кеңес бере алатынын жеткізді.

Мадияр ТӨЛЕУ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<