Әйелді қол көтеру − ерге сын

1298

0

         Біз зайырлы мемлекетпіз. Елімізде ерлер мен әйелдердің құқықтары тең. Әйтседе бүгінде қоғамдағы өзекті тақырып − әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық. Отбасының берекесі неге сөгілді? Жауапкершілік жүгін көтере алмаған ерден бе? Әлде әлсіз әйелден ба? Қоғамда жоққа жұтамайын десе жеткізе алмай, қиындыққа қажымайын десе қауқарсыз, көнбейін десе кетер жері жоқ, жарияға жар салайын десе елден ұят деп тұрмыстық зорлыққа шыдап жүрген әйелдер күн санап артып барады.

         Отбасында әйелдің орны ерекше. «Бір үйді он еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» деген. Иә, қырық жанды қазақ қызы − мықты. Үйдің шаруасына, қызметіне де үлгеріп жүрген солар. Алайда отбасында ерінен қолдау сезінбесе, жары ретінде махабатына бөленіп, қамқорлығын көрмесе әйел әлсірей түседі. Жар, келін, ана ретіндегі рухы түсіп, жан дүниесі ашу-ызаға, өкпе мен ренішке толады. Әйел мықты көрін­генімен жан дүниесі бос болса, әйелге тән шынайы тартымдылықты күтпе. Жылдар бойы жиналған реніш бір күні үлкен отбасылық жанжалға айналады. Себебі нәзік жан өзі үшін шыдаса да, балалары үшін зорлыққа көнбейді. Ер адам қайтеді, қой дейін десе, өзі қауқарсыздық танытты. Тыныштал деуге көк тиын үйіне әкелмеген. Немесе тапқанын болмашы нәрсеге құртып отбасын ұмытқан. Әр отбасында әртүрлі тағдыр, оқиға бар.  Әйелді қол көтеру − ерге сын. Бүгінгі күні елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау басты назарда.

            «Ерлі-зайыптылар арасына есі кеткен түседі» деген сөз бар. Отбасын құрған екі жас өз болашақтарын өздері шешуі керек. Тұрмыстық түйіткілдерін де өз жауапкершіліктеріне алғаны абзал. Ер де, әйел де өз міндеттері мен жауапкершіліктерін сезініп, ауыртпашылықты бірге көтерсе, жетістікке бірге жесе шаңырақтың шаттығы сақталар ма еді? Тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау үшін қоғам болып күресуіміз қажет.

            Абылайхан ТАСМАҒАНБЕТ,

Шиелі аудандық соты кеңсесінің бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<