Аймақтағы жылу желілерін жаңартуға 12 млрд теңге бөлінді

214

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысының күн тәртібінде алдағы жылу беру маусымына дайындық жайы талқыланып, тиісті тапсымалар берілді. Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы мәселе бойынша жауапты басшыларға бірқатар міндет жүктеді.

«Жылу беру маусымына дайындыққа Үкімет барынша қолдау көрсетіп, сұратылған қаржы бөлінуде. Желілерді жаңғыртуға республикалық бюджеттен 6 млрд. 200 млн. теңге, «Қызылорда жылу-электр орталығының» «Bono energy» маркалы 3 бу қазандығын жаңғыртуға Үкімет резервінен 2 млрд. теңге, барлығы 8,3 млрд.теңге бөлінді. Қаржыны тиімді әрі уақытылы игеру қажет», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, биыл жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 12 млрд.теңге қаржы қаралды. Оның ішінде жоғарыда атап өтілгендей, республикалық бюджеттен 8,3 млрд.теңге, облыстық бюджеттен 3 млрд.теңге, «ҚЖЭО» өз қаржысы есебінен 566 млн.теңге. Жергілікті бюджет және кәсіпорын қаржысы есебінен 2 газотурбиналық қондырғының генераторы мен 11 қазандыққа күрделі жөндеу, 1 турбина мен 15 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Жылу желілерін жаңғыртудағы 6 жобаны іске асыруға 6 млрд. 900 млн. теңге қаржы бөлінді. Облыстағы 1 067 әлеуметтік нысанның дайындығы 51%, оның ішінде білім беру нысандары 48%, денсаулық сақтау 52%, мәдениет және спорт нысандары 55% әзір.

Биыл «Қызылорда жылу-электр орталығының» газотурбиналық қондырғылары мен автономды қазандықтарын жөндеуге облыстық бюджеттен 2 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жауапты мекеме басшыларына осы жұмыстың сапалы әрі мерзімінде атқарылуын бақылау тапсырылды.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының оңтүстік өңірлерде электр энергиясы тапшылығын болдырмау тапсырмасына және қолданыстағы орталықтың тозығы жетуіне байланысты түрік инвесторымен бірлесіп, құны 215 млрд теңге болатын жаңа жылу орталығының құрылысы басталғаны белгілі. Орталық 2025 жылы іске қосылады. Шетелдік инвестиция есебінен салынатын жаңа ЖЭО 240МВт электр қуатын өндіре алады. Жоба жүзеге асырылғанда Қызылорда облысы электр энергиясымен, Қызылорда қаласы жылу энергиясы және ыстық сумен толық қамтылатын болады.

Биыл облыстағы 9 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға ауыстыруға қажетті қаржы бөлінді. Атап айтқанда, Қазалы ауданында 6, Жалағаш ауданында 2, Сырдария ауданында 1 нысан табиғи газға ауыстырылмақ. Нұрлыбек Машбекұлы Қазалы, Жалағаш, Сырдария ауданы әкімдеріне бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен бірлесіп, жұмысты 1 қыркүйекке дейін сапалы әрі толық аяқтауды тапсырды. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері барлық әлеуметтік нысанның 25 қыркүйекке дейін, ал білім беру нысандарының тамыз айының соңына дейін дайын болуын қамтамасыз етуі тиіс. Мәжілісте «көгілдір отын» қосылмаған елді мекендерге көмір жеткізуді шілде айынан бастау тапсырылды. Аймақ басшысы алдағы жылу беру маусымында ешқандай мәселе туындамауы тиіс екенін қатаң ескертті.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<