Айыппұл мөлшері қалай өзгереді?

751

0

Қаңтардан бастап жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға салынатын айыппұл көлемі өседі. «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, келер жылы ең төменгі жалақы мөлшері – 70 мың теңге, ал айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3450 теңге. Демек, айыппұлдардың да көлемі ұлғаяды.

Атап айтсақ, қозғалыс жылдамдығын 10-40 шақырымға арттырған жүргізушілерге 5 АЕК-тен (17 250 теңге) 10 АЕК-ке (34500 теңге) дейін айыппұл салынады. Жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырғандар 20 АЕК (69 мың теңге) төлейді. Ал, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде мұндай әрекетті қайталағандар 30 АЕК (103 500 теңге) айыппұлмен жазаланады.

Көлік жүргізуге құқығы жоқ жүргізушіге 20 АЕК немесе 69 мың теңге, көлікті жүргізу құқығынан айырылып, көлік басқарғаны үшін 50 АЕК немесе 172500 теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады.

Жол белгілерін елемегендер 3 АЕК немесе 10 350 теңге айыппұл төлейді. Бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамаған немесе жол диспетчерінің тыйым салу қимылына құлақ аспаған жағдайда 10 АЕК айыппұл салынады. Құқық бұзуды қайталаса, оның көлемі 15 АЕК-ке дейін өседі. Жол қозғалысы ережелерін бұзып, жаяу жүргіншілер жолы, жол жиектері немесе тротуармен жүрсе, 15 АЕК айыппұл төлейді.

Көлікті тұраққа дұрыс қоймаған жағдайда салынатын айыппұл мөлшері де артады. Мәселен, аялдама немесе автотұрақ қағидаларын бұзғандарға 5 АЕК айыппұл салынады. Көлікті белгіленбеген жерлерге қойып кетіп, басқа автокөліктердің жүруіне кедергі жасағандар 10 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді. Ақылы тұраққа ақша төлемеген жағдайда 3 АЕК немесе 10350 теңге айыппұл арқалайды.

Жаяу жүргінші жол қозғалысына қатысты ережелерді орындамаса, бұрынғы 6126 (2022 жыл) теңгенің орнына 6900  теңге айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі бірден 10 АЕК-ке дейін артып, 30630 теңгенің орнына 34500 теңге төлейтін болады.

Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қыркүйекте өзгеріс енгізілді. Оған сай, полиция қызметкерлерінің заңды өкімдеріне бағынбайтындарға 30 АЕК айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 15-тен 20 күнге дейін қамауға алынады. Қамауға алынбайтындар үшін (мүгедек адамдар) жаза ретінде 50 АЕК 175500 теңге (2022 жылы 153 150 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін 5 АЕК немесе 17250 теңге айыппұл салынады. Ал, қайталанған жағдайда 10 АЕК немесе 34 500 теңге төлейтін болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<