Алмалылықтар неге алаңдайды?

295

0

Шиелі ауданындағы көрікті елді мекеннің бірі Алмалы еді. Бұл ауылда кеңестік кезеңде жеміс-жидек пен көкөніс өндіретін үлкен шаруашылық жұмыс істеп тұрды. Жүздеген гектар жерге алма мен жүзімді жайқалтып, оған қоса көкөніс пен бақша дақылдарын да  егетін. Жеміс-жидек, көкөніс, бақша өнімдерін консервілейтін зауыты да еңбек өнімділігін арттырып тұрғаны анық. Бейнеткеш диқандардың атағы аспандап тұрды сол кезде. Жұмыстары өнімді болған соң, жергілікті халықтың да тұрмыстық жағдайы жақсы болғаны рас. Қоғамдық өзгерістер белең алған нарықтық уақытта да ауыл тұрғындары тырбана еңбек етіп, нәпақаларын адал кәсіппен табуға тырысып-ақ келеді. Алайда, олардың көңілдеріне мына бір жағдай қаяу салатындай.   

– Алмалы ауылының барлық жер көлемі шамамен екі жарым мың гектар болса, оның үштен екісінен астамы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолының теріскей бетінде. Ол жаққа қарай бір ғана мал өткелі қалдырылған, оның да іші ыза суға толып тұрады. Арғы-бергі қатынасқа тіптен қолайсыз болып тұр. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізін жобалау кезінде ауыл тұрғындарымен санаспай, еш қоғамдық тыңдау өткізбестен ауылға кіріп шығатын бірде-бір жол не көпір қалдырмауы қазіргі уақытта сыртқы көлік қатынасы мен  іргедегі өріске малымызды шығаруға қиындық келтіруде, – дейді ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, еңбек ардагері Әбдірақман Биманов.

Рас, бұрындары сол жақ қапта­лында теміржол мен тасжол қатар жатып, қалған беткейі ашық, шаруа­шылыққа қолайлы ауыл кейінгі өзгерістер салдарынан яғни, теміржол мен автодәліздің аралығында қор­шауда қалған. Теміржолмен автожолдан асып өту қиын әрі қауіпті. Жоғарыда айтылғандай, теріс­кей беткейдегі кең алқапқа ауыл тұсынан шы­ғатын жол не көпір болмауы себепті ауыл малының өрісі де тарылған, шаруашылықпен шұғылдануына да қолбайлау.   

– Тағы бір қиыншылық, – дейді ардагер. – Облыс орталығы Қызылорда қаласына барып-келу үшін, өзіміз күрежолдың бойында тұрсақ та амалсыз кері жүріп, Шиеліге тәксилетіп барамыз, аяқ ілінген көлікпен кері қайтамыз. Көлік болмаса, Ақтоған ауылының тұсынан түсіп қалып, жаяулатып әурешілікке түсеміз. Ауылға келер тура жол жоқ, өзге ауылдарды аралап келетін бұрылыс болғандықтан өт­пелі жолаушылар көліктері мұнда бұрылмайды. Әйтеуір, сарсаңымыз көбейді…   

Алмалы ауылының адам­дарына жол жағдайы қиын тиетіндігі түсінікті. Тұр­ғын­дардың айтуынша, өз­дерінің мұң-мұқтажын айтып, аудан әкімшілігіне, облыстық басқармаларға, тіптен Мәжіліс депутаттарына дейін бірнеше рет шағымданыпты. Келіп көрушілер «орындауға болатын жұмыс екен», деп жұбатып кетеді де, соңы аяқсыз уәде күйінде қала беретін көрінеді.

– Соңғы жеті-сегіз жыл бойы осы жағдайды бастан өткеріп келетініміз шындық. Халықтың мұңына құлақ түрілетін болса, жағдайды жақсартуға әлі де мүмкіндік бар, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбек Мұқтаров.

Алмалылықтардың уәжіне ден қойсақ, ауыл іргесіндегі 20-бекетте жол айырымы қалдырылған. Яғни, үлкен автожолға көліктердің кіріп-шығуына қолайлы тұс. Осыны Алмалы ауылы тұр­ғын­дарының пайдалануына мүмкіндік жасауға болады. Ауылды жанай өтетін бұрынғы ескі «Самара-Шымкент» трассасының 6 шақырым жолы сол бұрынғы күйі жатыр, содан әрі қарай 20-бекетке дейінгі аралықтағы небәрі 700 метр жердің жолын жаңадан көтерсе, арқан бойы ұзындықтың тұсау бойы төтелігі табылады деген сөз. Бұл жоғарыда айтқан түрлі қолайсыздықтарды жойып, жол қатынасын реттейді. Шиеліден шыққан жолаушылар көлігінің Алмалы ауылы үстінен тіке өтуіне мүмкіндік туады. Жолаушылардың Қы­зылорда, Шиелі бағытында барып-келуі дұрысталады деген сөз. Бұл ауыл адамдарының пікірі, дегенде оны ретке келтіру құзырлы орындардың қолынан келуі тиіс. Айтпақшы, 2016 жылы бұрынғы ескі трасса мен жоғарыда айтқан 700 метрлік жаңа жолды салу үшін 156 млн теңгеге смета жасалынса да, нақты уақытқа дейін қозғаусыз қалғанға ұқсайды. Сондай-ақ, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан әлгі кіреберіс өткел маңына Алмалы ауылының белгісін қою туралы тұрғындар өтініштері де орынды.

Ауыл тұрғындарының тағы бір шағымына назар аударып көрелік. «Жекешелеп алған шаруа қожалық иелері жұмыс жасап жатқаны, жұмыс жасамай жатқаны да өз кезегінде күрежолға дейін  жерлерін қоршап алған. Үкіметтің  ауыл  айналасындағы  радиусы 5 шақырымға дейінгі жерлер ауыл тұрғындарының жеке азын-аулақ мал жайылымы үшін қалдырылуы керек деген қағидасы сақталмай отыр. Осы себепті мал жайылымы тіптен тарылған. Ауыл тұрғындары И.Нұрмырзаев, Д.Бекмұратов, А.Мыр­замұратов,  Т.Жұмашев осындай жағдайды алға тартады. Оның үстіне өзі азғантай алқапқа аудан ортақтасып, 100 гектар жерге орталық бейіт салмақшы болған екен, ауыл тұрғындары облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысына шағым жазып, жуырда Шиелі аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Меңлібековтің қа­ты­суымен қоғамдық тың­дау өткізіліп, 100 гектар жерді орталық бейітке беруге жұртшылық қарсы екендіктерін ашып айтыпты. «Алайда, әлі күнге құзырлы орындардан нақты жауап берілген жоқ», дейді ардагер Ә.Биманов.

Жалпы, жоғарыдағы жағ­­дай­лар­дан ауыл тұр­ғындарының қалыпты тұрмыс-тіршілігінде өзге елді мекендерге қарағанда күрделілік бары сезіледі.

Бұл мәселелер ауылдағы кәсіп­керліктің дамуына да қолайсыздық тудырып тұрған тәрізді. Бір сөзбен айтқанда, ауыл өміріне алаңдаушылық білдірген тұрғындардың көңілі әзірге алаң күйде.

Нұрмахан ЕЛТАЙ. 

Шиелі ауданы,

Алмалы ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<