Аптап ыстықта абай болайық!

614

0

Шіліңгір шілденің аптап ыстығы жандының бәрінің апшысын қуырып, әбігерге салуда. Көлеңкенің өзі күйіп тұр.  Өңірде маусымның аяғын ала басталған аптап  шілденің алғашқы аптасында күшіне мінді. 112 қызметінен келетін «Қызылорда облысында 44 0С- 45 0С  дейін қатты ыстық»  деген хабарламаларға да  үйрендік.  Төтенше жағдайлар министрлігі осы ауа райының әлі де сақталатынын айтып, аса қажеттілік болмаса, далаға шықпауды ескертеді.

Бұл алдымен денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Әсіресе, қан қысымы жоғары, жүрек ауруы бар адамдарға қиын. Мұндай кезде күн өтіп ауыратындар  да, іш ауруы да өршитіні белгілі.  Осы орайда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына хабарласқан едік. Белгілі болғанындай,  28 маусым мен 6 шілде аралығында 103 пульттарына жалпы саны 14633 шақырту түсіп, оның 13189-ы орындалған. Шақырту күніне орта есеппен 1450-1500-ді құрайды.

–        Қазір шақырту саны әдеттегіден 15-20 процентке артты.  Алайда жедел коронарлы синдром, артериалды гипертензия сияқты аурулар бойынша шақырту саны көбейген жоқ. Ал ыстық пен күн өту бойынша 24 шақырту түссе, оның үшеуі бала. Науқастар  шағымын күн астында ұзақ жүргенімен байланыстырады, – деді бас дәрігердің орынбасары Ғалия Нұрсейтова.

Ал облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігері аптап ыстық болса да,  ауруханадағы жағдай тұрақты дейді.  «Күніне шұғыл жағдайда 40-50 науқас түседі, яғни,  ауруханаға түсетін науқастар саны бір деңгейде. Күннің ыстығына байланысты қандай да бір күрделі жағдай қалыптасып отыр деп айта алмаймын», – дейді аурухана бас дәрігері Нұридин Әмитов.

Десе де, мамандар тұрғындарға қазіргідей аптап ыстықта абай болуды ескертеді.  Ыстықтан қорғану үшін  әсіресе, жүрек ауруы, қан қысымы мен қан­тамыр­ларының дерті бар адамдарға далаға шықпаған дұрыс екен. Одан бөлек, калий мен магнийге бай жеміс-жидектерді күнделікті рационға қосқан артық етпейді. Ал, көшеге шыққан жағдайда арнайы қолшатыр ұстап, бас киім кию, қосымша арнайы дәрі-дәрмек алып жүру  ұсынылады. Сонымен бірге сұйықтықты көбірек тұтыну: тек қана су емес, аздаған қантты шырын, шай, компот, газдалған минералды сусындар жоғалған электролиттерді қалпына кел­тіреді. Ал, алкогольді өнім­дерден аулақ болған жөн. Сондай-ақ, мамандар жеңіл әрі кең киім киген дұрыс дейді. Синтетика материалынан мүлдем бас тартқан жөн.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<