Асыл тұқымды мал ауызды аққа жеткізеді

659

0

Еліміздің агроөнеркәсіп кешені саласын дамытуда басым бағыттың бірі мал шаруашылығын дамыту болып отыр. Бұл әр адам не шаруа қожалығы қолындағы малын асылдандыру арқылы одан мол өнім алуды көздейтін болса, оған мемлекет тарапынан да қолдау болады  деген сөз.

Биыл асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға, оның ішінде осы саланың өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3 млрд 396 млн 700 мың теңге қаржы бөлінген. Бұл асылтұқымды мал сатып алған, селекциялық жұмыс жүргізген шаруашылықтарды субсидиялауға жұмсалуда. Бөлінген қаржыға қарап айтсақ, ауыл тұрғындарына мүмкіндік мол.

Асылдандыру демекші, мемлекет қолдауы мен аса қомақты қаржы арқасында биыл төрт түлікте өсім бар. Мысалы, асылтұқымды ірі қара 8385, қой 78 642,  жылқы 6882 басқа, түйе 3225 басқа жетіп отыр.   

Мал санының өсуіне шетелдік селекциялы тұқымдардың да үлесі мол. Мәселен, Қазалы ауданындағы «Наурыз» шаруа қожалығы Чехия елінен 280 бас «Абердин Ангус» деп аталатын ірі қара тұқымын әкелді. Бұл Зеңгі баба тұқымын шын мәнісінде асылтұқымды түлік деп айтуға болады. Былай айтқанда, салмағы ауыр, егер бұқасын бордақылаған жағдайда, таза салмағы 700-800 келіге дейін жетеді екен. Ал тірі салмағы 1300-1500 келі болатын тұқым.

Сонымен қатар, облыстағы шаруашылықтар «Сыбаға» бағдарламасы аясында көршілес Ресей елінен асылтұқымды ет бағытындағы «Қалмақ» сиырын сатып әкеліп, оның аймақтағы табиғи-климаттық жағдайға жерсініп кететіндігін дәлелдеп отыр. Ет бағытында жұмыс істейтін шаруашылықтарының әлеуетінен қазір үміт көп. Өйткені, аймақтың бұған толығымен мүмкіндігі жетеді.

Атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздысы – тұқымдық түрлендіру.  Бүгінгі күні 43 935 бас жергілікті аналық сиыр мен 842 бас асыл тұқымды ет бағытындағы «Герфорд» «Абердин-Ангус», «Санта-гертруда», «Әулиекөл», «Қалмақ»,  қазақтың ақбас тұқымды бұқасы тұқымдық түрлендіруге қамтылған.

Өңірде ет бағытынан бөлек, сүт бағытындағы асылтұқымды ірі қара өсіру жұмыстары жүргізілуде. Себебі, әрқайсысы бес литрден сүт беретін қарапайым 5 сиыр ұстағанша, біреуі 25 литр сүт беретін асылтұқымды сиыр ұстаған тиімді болмақ. Осыны ескерген «РЗА» АҚ сүт-тауарлы кешенін кеңейтудің ІІ кезеңі бойынша  Германиядан 300 бас сүт бағытындағы «Голштино-Фриз» тұқымды сиырын сатып алып, сүт өндіруді арттырды.

Облыс бойынша бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<