АУЫЛДЫҢ АЛТЫН КYЗІ

485

0

Қазалыда басты дақыл күріш жинау қарқынды жүргізілуде. Ауа райының ашықтығын пайдалануды ұйғарған диқандар бір сәтке де толастар емес. Егіс танаптарындағы алып техникаларға да дамыл жоқ. Алқаптан орталыққа ағылған дән тасымалдағыш көліктерді қайтқан құс тізбектеріне ұқсаттық. Ал, қырман басы да қызу қимылға толы. Ауыл ішінде бейсауыт, сенделіп жүргендерді жолықтырмайсыз. Үлкен-кіші, бала-шаға баршасы ел ризығын рәсуа қылмауға тырысып-бағуда. 
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Күнтілес Назымбеков тәжірибелі, өз саласының қыр-сырын меңгерген жігіт. Бос сөзден гөрі нақты істің адамы. Күнтілестің айтуынша, биылғы көктемде егіс жұмыстарына ерте кірісіпті. Нақты кезеңде ақ егіс жиналып болды. Бидайдан түскен өнім ойдағыдай. Кейінгі кезеңде ауданда арпа егу дағдыға айналыпты. Сүрлемдік жүгерінің нәрі, қадір-қасиеті баршаға мәлім. «Рза-Агро» ЖШС осындай игі шаруаны дөңгелетіп әкетіпті. Облыстық мәслихат депутаты Самұрат Имандосовтың иелігіндегі ірі қара кешенінде асыл тұқымды мал өсіріледі. «Сиырдың сүті – тілінде» деп ұғынатын серіктестік 1000 гектар жерге жүгері отырғызыпты. Өнімі де жоғары. 
– Малды қажетті азықпен қамтуға сүрлем, жоңышқасы аралас 89 мың тонна шөп қажет. Бұл тұрғыда да толымды тірліктер тындырылды. Бұған дейін жоңышқадан өнім алу қиындау еді. Енді төселіп келеміз. Шаруашылықтардың алды жоңышқаны бірнеше мәрте орып үлгерді. Бұрын сырттан тасымалдаушы едік. Қазір аудан көлемінен әзірленеді, – деген Күнтілес Айдарбекұлы күріш жайына да кеңінен тоқталды. 
Жаз салқын болды. Салдарынан күріш кеш пісті. Десе де, шаруашылықтар егін орағына толық кірісіп кетті. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаев қатысқан семинарда аудан әкімі Бахыт Жаханов, өзге де ел ағалары тұшымды пікірлерін ортаға салды. Жиында егістікті малдан қорғау әңгіме өзегіне айналды. Теңіздей толқыған алқапты төрт түлік әсіресе темір тұяқты жылқының таптауы зор шығын. Бірақ… мал егелеріне шара көруге диқандардың құқығы шектеулі. Құнын еселеп төлеп зорға құтыласың деп зар илейді өзіміз тілдескендер. Сол семинарда Бахыт Дүйсенұлы округ әкімдеріне осы мәселеден қорытынды шығаруды қатаң тапсырды. Алайда бұл оңайға түспейтін сыңайлы. Науқан кезінде де малға бақташы табылмайды десе сенер ме едіңіз? 
Көңілге мұң салған бұл деректі Күнтілес жеткізген субсидия көлемінің ұлғайғаны жуып-шайып әкетті. Қазалылық диқандар өткен жылмен салыстырғанда 55 млн. теңгенің субсидиясын артық еншілепті. Оған қоса лизингтік тәсілмен жеңілдетілген бағада техникалар босатылыпты. Әрі берілген техникаларды өздері кепілдікке алады екен. Бұл дала перзенттеріне үлкен көмек екені даусыз. Шаруашылықтарда озық үлгідегі техникаларға қызығушылық басым. Көпшілігіне бағасының қымбаттылығына емес еңбек өнімділігінің жоғарылығына мән беріледі. Осылайша машина-трактор паркі жаңалануда. 
Мал шаруашылығында да ілгерілеушілік бар. Ата-баба кәсібіне бет бұрғындардың ішінде жастар өкілдері де жеткілікті. «Агро бизнес – 2020» бағдарламасымен республикалық бюджеттен қомақты қаржы қаралыпты. Егер шаруа қожалығы малы үшін құдық қазса, оның 80 пайызын мемлекет төлейді. Сондай-ақ асыл тұқымды малға жүргізілген селекциялық жұмыстарға да субсидия беріледі. 
Санаулы уақытта 24 шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасының игілігін көріпті. Әрбір аналыққа 18 мың теңгеден астам ақша бөлінген. Мұның өзі нақты есептеп, ерінбей еңбектенгеннің ұтылмасын дәлелдейді. 
– Жайылымдылық жерлердің тозығы жетуінің өзіндік себебі бар. Оны тыңайтудың жолы көпжылдық шөп егіп, суландыру, – дейді Күнтілес. 
Ауданда арнайы құрылған жұмысшы тобы елді мекендерді аралап мемлекеттік бағдарламаларды ұтырлы пайдалануды жұртшылыққа түсіндіруде. Тағы білгеніміз, каналдар теңгерімге алыныпты. Мемлекет есебінен тазалау шаралары ұйымдастырылуда. Бірқатар елді мекендерге су көтеру насостары жеткізіліпті. Соның арқасында үйіргелік жерлерді игеру, бақша көлемін ұлғайту межеленуде.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<